Accessibility links

Шетелдердегі тергеу абақтыларында 800-ге жуық қырғыз азаматы сот шешімін күтіп жатыр


Шетелдердегі тергеу абақтыларында Қырғызстанның 788 азаматы сот шешімін күтіп жатыр. Олардың 742-і – Ресейде. Бұл жөнінде 16 мамырда қырғыз парламентінің отырысында әділет министрінің орынбасары Орозбек Сыдықов мәлімдеді.

"Басқа статистикаға тоқталатын болсам, Түркияда – 13, Тәжікстанда – 9, Қазақстанда – 5, Италияда – 5, Венгрияда – 4, Германияда – 4, Египетте – 2, Сауд Арабиясында – 2, Оңтүстік Кореяда – бір, Чехияда – бір, Францияда – бір, Моңғолияда бір азаматымыз бар", - деді Сыдықов.

Шетелде сотталып, жазасын өтеп жатқан қырғыз азаматтарының саны - 1 587. Олардың 750-ге жуығы Ресей түрмелерінде қамауда отыр.

Қырғыз үкіметі Қылмыстық кодекске және жазаны атқару кодексіне енгізілген өзгерістер жөніндегі заң жобасын Жогорку кеңешке ұсынды.

Құжат шетелде ұсталған қырғызстандықтарды елге алып келу мүмкіндіктерін арттырады. Заң жобасы президент Садыр Жапаровтың тапсырмасы бойынша әзірленген деп айтылады.

Қаңтар соңында Қырғызстан бас прокуроры Құрманқұл Зулушев Ресей түрмелерінде отырған 994 қырғыз азаматы қырғыз түрмесіне ауысудан бас тартқанын айтқан. Оның сөзінше, оған басты себеп – олардың отбасыларының Ресейде болуы. Бұған қоса, олар түрмеде жүріп те жұмыс істеп, ақша таба алады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG