Accessibility links

Владимир Зеленский тұтқындарды мобилизациялау туралы заңға қол қойды


Владимир Зеленский
Владимир Зеленский

Украина прзиденті Владимир Зеленский жұма күні тұтқындарды мобилизациялау туралы заңға қол қойды. Бұл жөнінде Украина жоғарғы радасының сайтына сүйенген "РБК-Украина" жазды.

Құжатқа сәйкес, Украинада сотталғандардың кейбірі ерікті түрде әскерге аттана алады. Бұл соғыс жағдайында келісімшарт бойынша қызмет ету деп аталады.

Өзгерістер келісімшартқа қол қойған сотталушыларды жазадан ерте босатуды қарастырады. Шешімді сот қабылдайды деп жазды басылым.

Украина қорғаныс министрлігінің айтуынша, мобилизацияланған тұтқындар арнайы бөлімдерде қызмет етеді. Бұған қоса, оларды әскерге алу үшін әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы мен командирдің сондай жауынгерді қабылдау дайындығы туралы құжат қажет.

Әскерге ұлттық қауіпсіздікке қатысты қылмыс бойынша сотталғандар, екі немесе одан да көп адамды қасақана өлтіру бойынша жазасын өтеп жатқандар, жыныс еркіндігіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылық жасағандар алынбайды. Бұған қоса, ерекше ауыр жемқорлық қылмысы үшін сотталғандар да әскерге алынбайды.

Украина әділет министрі Денис Малюська бұған дейін Украинада келісімшартпен әскерге алуға болатын 10-20 мың сотталушы барын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG