Accessibility links

Астана мен Мәскеу Ресей қантын Қазақстанға тасымалдау бойынша квотаны арттыруға келісті


Мәскеу Қазақстанға қант тасымалдау бойынша квотаны бұрын уәде еткен 120 мың тоннаға қосымша тағы 100 мың тоннаға ұлғайтады. Осылайша жалпы квота көлемі 220 мың тоннаға жетті деп хабарлады Қазақстан үкіметі.

Квотаны арттыру туралы жоспар қантқа сұраныс көбейер шақта жарияланып отыр. Қазақстан вице-премьері Серік Жұманғарин және Ресей үкіметі жетекшісінің орынбасары Алексей Оверчукпен кездесу кезінде алдын ала келісім жасалған. Келіссөз 17 мамырда Қазан қаласында өткен. Енді мәселе Еуразия экономикалық комиссия кеңесінің 29 мамыр күнгі отырысында қаралмақ.

3 мамырда Ресей үкіметі қантты тасымалдауға 31 тамызға дейін уақытша тыйым салған. Алайда Мәскеу Қазақстанға 120 мың тонна квота қарастырған.

Астана мамыр айының басында қоймада жаңа өнім жиналғанға дейін жететіндей қант барын мәлімдеген. Алайда артынша қант тасымалдау бойынша квотаны 100 мың тоннаға арттыру мәселесін қозғап, Ресейдің ізінше шетелге қант тасымалдауға тыйым салды.

Әлемде жерінің үлкендігі жағынан тоғызыншы орын алатын Қазақстан ішкі нарықтың қантқа деген сұранысын қанағаттандыра алмай шетелден, негізінен Ресейден қант тасымалдайды. 2022 жылы жазда Қазақстанда қант тапшылығы туындаған шақта Тоқаев дүкендердегі азық-түлікке талас пен ұзын-сонар кезекті "масқара" деп атап, мәселенің шешімін табуға шақырған. Екі жылдан кейін де Қазақстан қантты импортына тәуелді болып отыр. 2023 жылы наурызда Еуразия экономикалық комиссия кеңесінің отырысында Қазақстанның 2023 жылдың соңына дейін қант шикізатын баж салығынсыз тасымалдау туралы ұсынысы қолдау тапқан. Елдің қантқа деген жылдық сұранысы – 500-550 мың тонна.

XS
SM
MD
LG