Accessibility links

Грузия президенті "шетел агенті" туралы заң жобасына вето қойды 


Саломе Зурабишвили
Саломе Зурабишвили

Грузия президенті "шетел агенті" туралы даулы заң жобасына вето қойды.

"Бүгін Конституциямызға, еуропалық стандарттарға қайшы келетін және еуропалық жолымызға кедергі болып табылатын "Ресей заңына" вето қойдым <…> Бұл заңның күші жойылуы керек" деді Зурабишвили.

Құжатты әзірлеуші – басқарушы "Грузин арманы" партиясы ветоны көпшілік дауыспен жеңе алады, ол үшін оған парламент мүшелерінің 77 дауысы керек. Үшінші оқылымда заңды 84 депутат қолдаған.

Шетел үкіметтері қаржыландыратын үкіметтік емес ұйымдар мен ақпарат құралдарының жұмысына қиындық туғызады деген бұл заң жобасын жақында Грузия парламенті қабылдап, қол қою үшін президент Саломе Зурабишвилиге жолдаған. Заңның бірінші оқылымынан бастап елде оған қарсылық күшті болып жатыр. Заңды Ресейдің осыған ұқсас заңына теңеген наразы топ бұл құжат елдің Еуропа одағымен интеграциясына кері әсер етеді деп санап, қарсылық көрсетіп келеді. Соңғы наразылық кезінде полиция 20 адамды ұстаған.

Бұл заң қабылданса, қаржы көзінің 20 пайызынан көбін қандай да бір шетел үкіметінен алатын медиа мен үкіметтік емес ұйым «шетелдік күштің мүддесін қорғаушы» ретінде тіркеуге тұруы тиіс.

Зурабишвили бұл құжатты «қабылдауға болмайтын» заң деп атап, оған вето қоятынын бұрын да мәлімдеген. Бірақ заңды ұсынып, парламенттен өткізген «Грузия арманы» партиясы оның ветосын бәрібір еңсеріп, парламент төрағасының қолымен-ақ күшіне енізіп жіберуі ықтимал деген болжам бар.

XS
SM
MD
LG