Accessibility links

Пәкістанның сыртқы істер министрі Қырғызстанға барады


Пәкістанның сыртқы істер министрі Исхак Дар
Пәкістанның сыртқы істер министрі Исхак Дар

19 мамырда Бішкекке Пәкістанның сыртқы істер министрі Исхак Дар және Кашмир істері жөніндегі министрі Амир Мукам келеді. Бұл жөнінде Пәкістанның ақпарат құралдары хабарлады.

Мұндай шешім Қырғызстандағы соңғы оқиғаға байланысты қабылданған.

"Жағдай қалыпты екеніне қарамастан пәкістандық студенттерге жедел көмек көрсету мақсатында осындай шешім қабылданды" деп жазылған хабарламада.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, Исхак Дар Бішкекте Қырғызстан билігінің өкілдерімен кездеседі, зардап шеккен студенттерге медициналық көмек көрсету мәселесін талқылайды. Бұған қоса, шетел студенттерін елге қайтару жолдары да талқылануы мүмкін.

Пәкістан үкіметінің жетекшісі 18 мамыр күні "Пәкістан өз ұл-қыздарын ауыр жағдайда қалдырмайды" деп мәлімдеп, Қырғызстанда қалғысы келмейтін студенттерді елге бюджет есебінен қайтаруды тапсырған.

18 мамырда Бішкектен 180 пәкістандық ұшып кеткен. Пәкістанның азаматтық авиация комитетінің дерегінше, келгендер арасында 140 студент бар, қалғаны – Қырғызстанда жұмыс істеген Пәкістан азаматтары. Олардың арасында 18 мамыр күнгі тәртіпсіздік кезінде зардап шеккендер де бар.

18 мамырға қараған түні болған тәртіпсіздіктен 29 адам зардап шеккен. Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, үш шетел азаматы ауруханаға түскен. Пәкістанның Қырғызстандағы елшілігі ауруханада 6 адам жатқанын хабарлады.

Бұған дейін Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің жетекшісі Қамшыбек Ташиев наразылыққа 18-25 жас аралығындағы 700 адам қатысқанын, арасында арандатушылар да болғанын мәлімдеген. Оның сөзінше, жиналғандар негізінен Қырғызстанда жұмыс істеп жатқан мигранттардың артуына наразылық білдірген. Қырғызстанның заңсыз мигранттармен күресіп жатқанын алға тартқан Ташиев тәртіпсіздікке жауапкершілікті заңсыз мигранттарға артқандай болды.

XS
SM
MD
LG