Accessibility links

Польша Ресей және Беларусьпен шекарасын нығайтуға 2,5 млрд доллар бөледі


Польша үкіметі Ресей және Беларусьпен шекарасын нығайтуға 10 млрд злото (шамамен 2,5 млрд АҚШ доллары) қаражат бөлмекші. Бұл жөнінде Польшаның премьер-министрі Дональд Туск мәлімдеді. Ол "Шығыс қорғаны" жобасы аясында жұмыстар басталып кеткенін де айтты.

Тусктің айтуынша, НАТО мен Еуроодақтың шығыс флангасындағы Польша тек өз қауіпсіздігі ғана емес, тұтас Еуропаның қауіпсіздігіне жауапты - бұл әсіресе Еуропаның шығысында соғыс жүріп жатқанда маңызды. Ресей мен Беларусь Еуропа әлеміне қатер төндіріп отыр.

Премьер-министрдің сөзінше, шекараның бойына қосымша бекітуші жабдықтар мен инженерлік жүйелер орнатылмақ. Олар ықтимал басқыншылық кезінде қорғауы мүмкін. Ол мәселенің жай-жапсарына тоқталмады.

Алайда Беларусь мемлекеттік ОНТ телеарнасының хабарлауынша, поляк әскері шекараны бекіту жұмыстарын қазірдің өзінде жүргізіп жатыр. Мәселе бірінші кезекте су құрылғылары жөнінде болып отыр. Польша мен Беларусь шекарасындағы өзен-көлдерге күндіз-түні бақылайтын камералар мен қозғалысты тіркейтін электронды датчиктер орнатылып жатыр.

  • Польша әскери тұрғыда ғана өзін қорғап отырған жоқ. 2021 жылы үкімет Беларусьпен шекараға 502 шақырымдық дуал салу үшін 400 миллион долларға жуық қаражат бөлген. Оның алдында Польшаға Африка және Таяу Шығыстан Беларусь арқылы мыңдаған мигрант ағылған. Польша билігі бұған белорус режимін айыптаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG