Accessibility links

Шымкент соты қала әкімінің орынбасары Исаховқа түрме жазасын кесті


Судья Әбинұр Қарабаев Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Исаховқа үкім оқып тұр. Шымкент, 20 мамыр, 2024 жыл.
Судья Әбинұр Қарабаев Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Исаховқа үкім оқып тұр. Шымкент, 20 мамыр, 2024 жыл.

20 мамыр күні Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қала әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары 49 жастағы Мақсұт Исаховты "ҰҚК қызметкеріне 200 мың доллар пара беруге оқталды" деп танып, 8 жыл 5 ай 7 күнге түрме жазасын кесті. Исахов тағылған айыпты мойындамаған, оның қорғаушысы аппеляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.

Исахов үкімді ауруханадан онлайн тыңдады. Қамауда жатқан оның денсаулығы сыр беріп, ауруханаға түскен.

Судья Әбинұр Қарабаев Исаховты Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеп жүргенде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Манат Сарбасовқа қала әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты "Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану" бабы бойынша қозғалған қылмыстық істі қысқарту үшін 200 мың доллар беруге оқталды деп тапты. Сарбасовқа ұсынылған бұл ақша мемлекетке қайтарылатын болды.

Исахов жарыссөзде тағылған айыппен келіспей, соттан өзін ақтауды сұраған. Ол үкімге қатысты пікір білдірмеді. Ал адвокаты апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.

Жарыссөзде прокурор "аса ірі көлемде пара беру" айыбын "аса ірі көлемде пара беруге оқталу" айыбына өзгертіп, соттан Исаховты 8 жыл 5 айға бас бостандығынан айыруды сұраған.

2023 жылдың шілде айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Исаховты "пара берді" деген күдікпен ұстап, 21 шілде күні сот санкциясымен қамалған еді. Оның сот үкімі шыққанға дейінгі бір күні жаза мерзімінің бір жарым күніне есептелетін болды.

Судья Қарабаев Исаховтың аса ірі көлемде пара беруге оқталғанын дәлелдейтін айғақтар жеткілікті дейді.

Сот істі 5 наурыз күні қарай бастады.

Айыптау актісіне сай, "2020 жылы қаладағы жылу құбырын жөндеу үшін өткізілген тендерге байланысты дау туып, оны жеңіп алған құрылыс компаниясы Исаховтың үстінен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне шағым түсіріп, қылмыстық іс қозғалған. Бұл істі жабу үшін Исахов Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Манат Сарбасовқа 200 мың доллар көлемінде пара ұсынған".

Исахов тағылған айыпқа түбегейлі келіспеген. Пара бермегенін, заңсыз ұсталғанын, керісінше Сарбасов бопсалап пара беруге шақырғанын айтты. Тергеу кезінде моралдық-психологиялық қысым болғанын мәлімдеген.

"Ұсталғаннан қысым көрсетті, әлі де түрлі қысым жалғасып жатыр" деген ол сот басталған күні. Исахов қолдан пара беру операциясы ұйымдастырылды деп пайымдайды.

  • Исахов Шымкент қаласы әкімінің орынбасарлығына 2020 жылы ақпанда тағайындалған. Оған дейін екі жыл Қазақстан президенті әкімшілігінде мемлекеттік инспектор болып істеген.
  • Әр жылдары "Қазақстан темір жолы" компаниясында қызмет еткен. Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары, автожол және жолаушылар көлігі басқармасының бастығы, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары, Алматы қалалық жолаушылар көлігі басқармасының бастығы болған.
  • Судья Қарабаев сот үкіміне Исаховты “Құрмет” орденінен айыру туралы президентке ұсыныс енгізді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG