Accessibility links

Бішкектегі тәртіпсіздіктен соң 41 адам дәрігерге қаралған


Пәкістанның ішкі істер министрі Мохсин Накви Бішкектен келген пәкістандық студенттермен сөйлесіп тұр. Лахор халықаралық әуежайы.
Пәкістанның ішкі істер министрі Мохсин Накви Бішкектен келген пәкістандық студенттермен сөйлесіп тұр. Лахор халықаралық әуежайы.

Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі 18 мамырға қараған түні Бішкекте болған тәртіпсіздіктен соң 41 адам дәрігер көмегіне жүгінді деп хабарлады. 20 мамырдағы ақпаратқа сәйкес, зардап шеккен 11 адам үйден ем алып жатыр.

Қаланың жедел жәрдем ауруханасында зардап шеккен екі адам бар. Біреуінің басы, екіншісінің жамбасы жараланған. Олардың жағдайы бірқалыпты. Тағы бір жәбірленуші ұлттық госпитальдің жақ-бет хирургия бөлімінде емделіп жатыр, оның жағдайы орташа.

19 мамырда медицина университетінің клиникасына жеткізілген сегіз шетел азаматы дәрігерден ем алған. Екеуінің мұрны сынған, қалғандары басынан соққы алған, басқа дене жарақаты бар. Министрлік олардың бәрі дәрігер бақылауында, жағдайы орташа деп хабарлады.

Зардап шеккендерге денсаулық сақтау министрі Алымқадыр Бейшеналиев барған. Ол Қырғызстан президентінің тапсырмасымен шетелден келген студенттер тегін емделеді деп айтты.

Қырғызстан халықаралық университеті медицина факультетінің жатақханасындағы тәртіпсіздік 18 мамырға қараған түні болды. Оқиғадан 29 адам зардап шекті, оның ішінде үш шетел азаматы ауруханаға түсті. Пәкістанның Қырғызстандағы елшілігі қаза болғандар туралы ақпаратты жоққа шығарды, бірақ 14 пәкістандық зардап шеккенін айтты.

17 мамырда желіде бірнеше адам төбелесіп жатқан видео тарады. Онда бұл төбелеске шетел азаматтары қатысты делінді. Әлеуметтік желі қолданушылары Қырғызстан азаматтары соққыға жығылған деп жазды.

Қырғызстан ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 13 мамырға қараған түні азиат нәсілді белгісіз адамдар тобы Бішкектің "Восток-5" шағын ауданында шетел студенттерін кездестіріп қалған. Арада жанжал болып, студенттер Атай Огонбаев көшесіндегі хостелге қашқан. Белгісіз адамдар тобы шетел азаматтарының артынан жатақханаға барып, онда тұратын басқа азаматтарға күш қолданып, қолма-қол ақшасы мен заттарын алған.

Ресми мәлімдемеге сәйкес, шетел азаматтарына шабуыл жасаған белгісіз төрт адам "әртүрлі бөлмеге кіріп, есіктерді құлатқан". "Олар қыздар тұратын бөлмелерге кірген, шу мен айқайға жатақханада тұратын басқа шетел азаматтары шыққан, олар да жиналып, келгендерге қарсы тұрған " деп хабарлады қырғыз полициясы.

Елдің ішкі істер министрлігі 18 мамырға қараған түні қалада жиналғандар саны 700-ге жетті, ал таңертең олардың бәрі тарады деп хабарлады.

Бішкек милициясы қылмыстық кодекстің 278-бабы ("Жаппай тәртіпсіздік") және 330-бабы ("Нәсілдік, ұлттық, діни немесе аймақаралық араздықты қоздыру") бойынша іс қозғалғанын мәлімдеді.

Бішкектегі оқиғадан соң Пәкістан студенттері еліне орала бастады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG