Accessibility links

Құлсарыда белсенді 15 тәулікке қамалды. Тұрғындар оны босатуды талап етті


Белсенді Қанат Бимырзаев
Белсенді Қанат Бимырзаев

20 мамырда Атырау соты құлсарылық белсенді 39 жастағы Қанат Бимырзаевты 15 тәулікке қамады. Сот бұған қоса, оны көлік жүргізу құқығын 8 жылға айырды.

Ақпаратқа қарағанда, дүйсенбі, 20 мамырда таңертең Бимырзаевты Атыраудағы Вокзал ықшамауданында көлігінің "фарын жақпай, дөңгелегінің желі жоқ күйде" айдағаны үшін тоқтатқан. Сол күні белсенді ішімдік ішкенін-ішпегенін анықтайтын медициналық куәландырудан бас тартқаны үшін 15 тәулікке қамалды.

Сот қаулысында жауапкердің медициналық куәландырудан бас тартқаны, кінәсі дәлелденгені жазылған.

Бимырзаевтың адвокаты Айбар Қосымбаевтың сөзінше, белсенді мұны жоққа шығарады.

Қосымбаевтың сөзінше, барлық процедура адвокатсыз өткен. Ал Бимырзаев адвокат тағайындауды талап еткен.

Құлсары тұрғындары Қанат Бимырзаевты босатуды талап етті. Олар үндеу жариялады.

Бұған дейін мессенжерлерде "маған жала жауып, 15 тәулікке қамап тастады, бәріне айтыңдар" деп қолмен жазылған қағаздың суреті тараған. Ақпаратқа қарағанда, мұны Бимырзаев жазған.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бимырзаевтың ұсталуы Құлсарыдағы наразылықпен байланысты емес.

Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар билікке талап қойып жатыр. Әкімдік алдында наразылық жасап тұрған тұрғындар су алған үйлерінің әр шаршы метрі 400 мың теңгеден есептелсін деп отыр.

Бимырзаев сәуір айында биліктің су тасқынына қарсы шараларды ұйымдастыру кезіндегі кемшіліктерін атап көрсеткен. Ол билікке суға кеткен үш мыңға жуық үйдің ақшасын жазға дейін берсін, тұрғындар жазда құрылысын бастап кетуі керек деп айтқан.

Оның сөзінше, жазда құрылысшылардың жұмысы қымбаттап кетеді, ал тасқын басталғалы Құлсарыда пәтер құны үш есеге өсіп кеткен.

“Бұрын 50-60 мың теңгеге жалдаған үйлер бағасы 150-180 мың теңге болып кетіп жатыр, соның бәрін есепке алыңыз. Біз Жылыойдың проблемаларын жазып береміз, біз кетпейміз, күтеміз хабарын” деп, жиналғандар талабын созғыламай шешу керектігін баса айтқан.

XS
SM
MD
LG