Accessibility links

Өскемен әкімдігі "қарызы бар" қандастар үстінен сотқа арызданды


Шығыс Қазақстандағы ауылдардың бірі. Көрнекі сурет.
Шығыс Қазақстандағы ауылдардың бірі. Көрнекі сурет.

Өскемен әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімі қала құрамындағы Шығыс ауылының он тұрғынын сотқа берді. Бұл туралы Азаттық тілшісіне бүгін, 22 мамырда осы бөлімнің басшысы Амантай Бақыт хабарлады.

Оның айтуынша, ауыл адамдары арендалық баспаналардың жалдау ақысын “жылдар бойы төлемей”, өсімақы қосылып кеткен. “Қарыз” отбасылардың саны жүзден асады.

— Тұрғындар бізге қарыз деп сотқа жүгіндік. Қазір он адамға қатысты талап-арыз бердік. Алдымен осының шешімі қалай болатынын көреміз. Арыз өткен жұмада берілді. Қашан сот басталатынын әзірге білмейміз, — деді Амантай Бақыт.

2012 жылы “Нұрлы көш” бағдарламасы аясында ашылған Шығыс ауылына қандастар қоныстандырылған. Биыл жүзден астам тұрғын 2012 жылдан бері аренда ақшасының үстіне өсімпұл жиналып қалғанын білген. Әрбір үйге шамамен 500 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін өсімақы есептелген. Әкімдік мұны аренда ақшасын уақытылы төлемегендерге күн сайын 0,1 пайыз есептелген өсімпұл деп түсіндіреді.

Ауыл адамдары өсімақы “негізсіз” қосылды деп санайды. Олар үйлер сапасыз болғаннан кейін 2013 жылы әкімдіктің өзі жеңілдік берген дейді.

“Шығыс Қазақстан облысының сол кездегі әкімі, марқұм Бердібек Сапарбаевтың халыққа берген уәдесі бар еді. Үйлерді жөндеп алсаңдар, төрт-бес жылда өздеріңдікі болады, сондай заң бар деп айтқан. Халықтың көбі соған алданған. Аренда ақшасын да салмаған. Оның есебіне үйімізді жөндетіп алайық деген еді” деді ауыл тұрғындары Азаттыққа.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, осыдан кейін әкімдік өсімақы қайтадан есептеле бастады деп ескерту айтпаған. Ал әкімдік ескерту беруге міндетті емеспіз, өсімақы заңға сай есептелді дейді.

“Ескертуді біз біреуді үйден шығаратын болсақ қана береміз. Сіздерді ешкім үйден шығарып тастағалы жатқан жоқ. Сондықтан ескерту қағаздары берілген жоқ”, деді Өскемен қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Назгүл Жақыпбекова.

Биыл сәуірде “өсімақы негізсіз қосылды” деп санайтын тұрғындар “Аманат” тұтынушылар құқығын қорғау ұйымы атынан сотқа арызданған. Бірақ Өскемен қалалық соты “ұйымның бүкіл ауыл халқының атынан топтап арыз беруіне болмайды” деп, арызды кері қайтарғаны хабарланған.

Шығыс ауылының тұрғындары СИП-панель деп аталатын жеңіл құрылыс материалынан тұрғызылған үйлерінің “сапасыздығына” жылдар бойы шағымданып келеді. “Аязды күні үй суып кетеді, отыра алмаймыз” дейді.

“Үйді кірпішпен қаптағанымызды қайтейік, қыстай от та жағамыз, тоқ та қосамыз. Өйткені, жылымайды, суық. Төбесі жұқа ғой, жылуды сорып кетеді. 10 тонна көмір түсіреміз, бәрібір тоқ қосамыз. Тоқтың осы айдағы ақшасын көрсетейін бе, сұмдық! Міне, осы айда 34 мың теңге шықты” дейді Шығыс ауылының тұрғыны Жанаргүл Әумет ақпанда Азаттық тілшісіне.

“Төбесінен су сорғалайды. Үйдің едені ойылып кетті. Далада боран соқса, еденнің астынан жел уілдеп, үйдегі линолеум желпілдеп тұрады. Осы жолғы бір апта аязда іргенің бәрін қырау басып кетті. Міне, төбедегі пенопласт салақтап тұр. Күзде тамшы ақты. Соның кесірінен шамдар қайта-қайта күйіп кетеді” дейді Гүлжан Сағи.

Биыл 21 ақпанда олар әкімдіктен үйлерді жөндеп беруді сұраған. Бірақ кездесуге келген қалалық мәслизат депутаттары “әркім өзі жөндеп алуы керек” деген.

Ал үйін өз қаржысына жөндетіп алған тұрғындар өсімақыны жоюды талап етеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG