Accessibility links

Бішкектегі тәртіпсіздік: Милиция жатақхана мен тігін цехына шабуылдағандарды ұстағанын хабарлады


Бішкектегі оқиға. 18 мамыр 2024 жыл.
Бішкектегі оқиға. 18 мамыр 2024 жыл.

Бішкек ішкі істер жөніндегі басқармасы 18 мамыр күнгі тәртіпсіздікке қатысы болуы мүмкін тағы 7 күдіктіні ұстағанын хабарлады. Тәртіпсіздіктің салдарынан шетел студенттері тұратын жатақханада ойран болған.

Тергеу органдарының болжамынша, 18 мамырда түнгі сағат бірлер шамасында "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру мақсатында негатив ақпарат таратуды көздеген" белгісіз біреулер 7 сәуір көшесіндегі шетел азаматтары тұратын жатақханаға заңсыз кіріп, шетел азаматтарын жарақаттаған, бұған қоса азаматтардың мүліктерін де бүлдірген. Бұл факт бойынша Бішкек милициясы "Жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Іздеу кезінде милиция 2003 және 1999 жылғы екі күдіктіні ұстаған. Милиция қалған күдіктілер де іздестіріліп жатқанын айтты.

Бұған қоса, Шу облысының милициясы 18 мамыр күнгі оқиға кезінде таңғы сағат 4:30-да Аламудун ауылында Үндістан, Бангладеш, Пәкістан азаматтары істейтін тігін цехы қиратылғанын хабарлады. Бұл оқиға кезінде 14 шетел азаматы зардап шеккен. Үшеуі ауруханаға түскен. Милицияның айтуынша, цехқа шамамен 60-70 азамат шабуылдаған. Милиция "жаппай тәртіпсіздік" бойынша қылмыстық іс қозғап, 1968, 1995, 2003, 2003, 2005 жылғы бес күдіктіні ұстаған. Барлығы уақытша қамау изоляторына қамалған. Олар тұратын үйден ұялы телефон, рупи, оқиға кезінде киілген киім-кешектер тәркіленген.

Бұған дейін Қырғызстан ішкі істер министрлігі шетел азаматтарын ұрып-соғуға қатысы бар бір адам ұсталғанын хабарлаған. Құқық қорғау органдарының айтуынша, 18 мамыр күні күдікті жұртты шетел азаматтары тұратын орындарға тасыған.

Осылайша 18 мамыр күнгі оқиғаға қатысы бар барлығы 8 күдікті ұсталған.

Халықаралық университеттің медицина факультетінің жатақханасы мен тігін цехында тәртіпсіздік 18 мамырда болған. Ресми ақпаратқа қарағанда, оқиғадан бір күн бұрын әлеуметтік желілерде шетел азаматтары қатысқан төбелес туралы видео тараған. Әлеуметтік желі қолданушылары видеода қырғыз азаматтарының соққыға жығылғанын жазған.

Осыдан кейін түнде Бішкектегі Құрманжан датқа көшесі мен Шу даңғылының қиылысына жүздеген адам жиналды. Бейнежазбада Огонбаев көшесіндегі жатақханада төбелес болғаны, шетел азаматтарының шабуылдаушылардан қорғанғаны көрінеді.

Тәртіпсіздікке 13 мамырға қараған түні жатақхана ауласында түсірілген видео екенін ішкі істер министрлігі де растады. Ведомство видео әлеуметтік желілерде "нақты мән-жайы түсіндірілмей" жарияланып кеткенін атап өтті.

18 мамырда министрлер кабинеті "әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын ақпарат тарату мен одан туындаған ұлтаралық негізде зорлық-зомбылық пен тәртіпсіздік тудыру әрекеттерін қатаң айыптаймыз" деп мәлімдеді.

18 мамырға қараған түні Бішкектегі тәртіпсіздік салдарынан ондаған шетелдік азамат зардап шекті, олардың 41-і ауруханаға түсті, 11 адам стационарлық емделуге жіберілді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG