Accessibility links

Таулы Бадахшанда диверсия жасамақ болды деген күдікпен ондаған адам ұсталды


Тәжікстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті диверсия жасамақ болды деген күдікпен Таулы Бадахшан автономиялық облысындағы Язгулям өңірінің кем дегенде 50 тұрғынын ұстады. Бұл жөнінде Pamir Inside және Azda TV басылымдары дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

БАҚ-тағы мәліметке сәйкес, аймақтағы Жамак және Андарбак ауылының тұрғындары 16 мамырдан бастап ұстала бастаған.

"Ең аз дегенде Жамак ауылының 20, Андарбак ауылының 15 тұрғынын қамап Душанбеге алып кетті. Содан бері олардан ешқандай мәлімет жоқ. Жалпы 50-ге жақын адам ұсталды", - деген Pamir Inside басылымының дереккөзі.

Azda TV арнайы қызмет өкілдері қамалғандардан қару-жарақ іздеп, оларды аймақта диверсия жасауға дайындық жүргізген деп айыптағанын жазды.

"Медиазона Азия" басылымы мұндай қамаулар аймақтағы наразылық акциялардың екі жылдығы қарсаңында жүргізілгенін атап өтті. Pamir Inside Тәжікстанның арнайы қызметі Язгулом өңірінде мұндай рейдтерді жиі жүргізіп тұратынын, нәтижесінде халық арасында жастар саны сиреп кеткенін жазды.

16 мамырда халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Таулы Бадахшандағы кем дегенде 34 адамның өмірін қиған 2022 жылдағы қанды оқиға үшін ешкім жауапқа тартылмағанына алаңдаушылық білдірген.

Ұйымның Орталық Азия бойынша сарапшысы Сыйнат Султаналиева 2022 жылы мамыр айындағы оқиғалардан кейін Таулы Бадахшанда жүздеген қоғамдық ұйым жойылып, азаматтық белсенділер бүгінгі күнге дейін қамауда отырғанын жазды.

2022 жылдың мамыр-маусым айларында Таулы Бадахшанда наразылық акциясына шыққандарды билік күшпен басып жаншыды. Ондағы наразылық акциясы 14 мамырда басталған. Жергілікті тұрғындар Таулы Бадахшан автономиялық облысының басшыларын отставкаға жіберуді, қаладан барлық блокбекеттерді алып тастауды, жергілікті белсенділерді қудалауды доғаруды, сонымен бірге 2021 жылы Хорогтағы митинг кезінде қаза болған Гулбиддин Зиебеков және тағы екі адамның қазасын әділ тергеуді талап еткен.

17 мамырда наразылық Хорогтан Рушан ауданына жайылған. Ертесінде билік "наразылар күштік құрылымның автоколонналарына шабуыл жасап, Тәжікстан мен Қытайды жалғайтын халықаралық трассаны жауып тастады" деп мәлімдеп "терроризмге қарсы арнайы операция" жүргізген.

Таулы Бадахшанда "антитеррористік операция" бір айға созылды. Бұл уақыт аралығында аймақта интернет мен мобильді байланыс өшірілді. Тәжікстан ішкі істер министрлігі 220 адам ұсталғанын, 53 адамға қылмыстық іс қозғалғанын айтқан. Таулы Бадахшанның ондаған тұрғыны жабық сот жағдайында ұзақ жыл түрмеге кесілді. Үш адамға өмірлік түрме жазасы берілді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG