Accessibility links

Алматы зообағында Прагадан әкелінген ақ аю өліп қалды


Алматы зообағында наурыздың аяғында Прагадан әкелінген Том атты 16 жастағы ақ аю өліп қалды. Бұл жөнінде Прага зообағының директоры Мирослав Бобек Facebook парақшасында жазды.

Онда ол аю 4 мамырда өлгенін, бірақ Алматы зообағы бұл жөнінде оларға 22 мамырда ғана хабар бергенін білдірген. Қазақстан жағы аюдың өліміне "мұрын және маңдайдың қабынуынан ірің ағып, улы зат ағзаға тарап, мидың ісінуіне алып келгені" себеп болғанын хабарлаған.

"Бұл ұзақ созылмалы ауру. Аю сіздердің зообақтан ауырып келген екен. Бұл істі тәуелсіз сарапшы, ғылыми-зерттеу институтының патологиялық анатомия кафедрасының профессоры ашып көрді. Онда тартылған барлық суреттер бар. Бұл материалдардың бәрі сіздерге жіберіледі", - деп жазылған Алматы зообағының Мирослав Бобекке жазған жауабында.

Прага зообағы аюдың Қазақстанға ауырған күйі жөнелтілгенін теріске шығарады.

"Біз оның жағдайы жөнінде соңғы рет 15 сәуірде мәлімет алдық. Онда аюдың жағдайы жақсы екені жазылған. Одан бері ешқандай хабар келмей қалғандықтан, Қазақстанға қызметкерімізді жөнелтуді шештік. Бірақ 22 мамырда Алматы зообағы Томның өлгенін айтқан. Олар бұл хабарды неге 18 күн бойы жасырғанын түсінбеймін. Томның өлімі бойынша ашық тергеуді талап етеміз және шағымды EAZA'ға (Зообақтар мен аквариумдардың еуропалық ассоциациясы), Чехияның Қазақстандағы елшілігіне және Қазақстанның Чехиядағы елшілігіне жібереміз", - деп жазды Бобек.

Том Чехияның Брно қаласында 2007 жылы туылып, Прага зообағында 15 жылдан астам тұрған. Былтыр оның жанындағы Берта атты ұрғашы аюы қатерлі ісіктен өліп қалған. Олардан тұқым алынбағаны 1933 жылы салынған қапастың өте тар екенімен түсіндірілген.

Бұл оқиғадан кейін EAZA ұсынысымен Томды Қазақстанға аударуға шешім қабылданған. Ассоциация Алматы зообағында Томның жағдайы жақсарып, ол тұқым тарата алады деп есептеген.

Прага зообағында аюлар үшін жаңа павильон салу жоспарланған. Бұл үшін 1 миллиардтан астам еуро бөлінеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG