Accessibility links

Павлодарда кадеттік мектепте төбелес болып, бірнеше оқушы жарақаттанды. "Бұзақылық" бабы бойынша іс қозғалды


Павлодар қаласында кадеттік мектеп оқушылары төбелесіп, нәтижесінде кемінде үш жасөспірім жарақат алды. Бір оқушы ауруханаға түсті. Бұл жөнінде полиция мен балалар омбудсменіне сүйенген жергілікті ақпарат құралдары жазды.

Павлодар облысының Бала құқығы жөніндегі уәкілі Наталья Покидованың сөзінше, оқиға 16 мамырда Қабанбай батыр атындағы "Жас сарбаз" облыстық мектеп-интернатында болған.

"Үзіліс кезінде 11 сынып оқушылары 10 сынып оқушыларының кабинетіне кірген. Оқушылар сөзге келіп, аяғы 30 секундтық төбелеске ұласқан. Бір бала ауруханада. Аталған факт бойынша "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды" деді омбудсмен. Покидованың сөзін Tengrinews.kz агенттігі келтіреді.

Покидованың сөзінше, 21 мамырда жасөспірім істері және құқығын қорғау жөніндегі комиссия келіп кеткен. Қызметтік тексеріс басталған. Бұл жөнінде білім басқармасы хабарлады. Оқу орнының қызметкерлеріне дисциплинарлық айыппұл салынады.

Сәрсенбі күні кешке kerek.pv телеграм-арнасында "павлодарлық кадеттер арасындағы төбелес" туралы видео жарияланған. Арнаның жазуынша, жоғары сынып оқушылары арасындағы төбелеске кемінде 40 адам қатысқан.

Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, төбелес кезінде үш жасөспірім жарақат алған. Оларға медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілген.

"Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр, сараптама тағайындалған. Тергеу амалдары жүріп жатыр" деп жазылған полиция хабарламасында. Қалған ақпарат айтылмайды.

Өткен аптада Павлодар қаласының әкімі Хасар Қабылбеков өзге мектептегі оқыс оқиғадан кейін мектептердегі қауіпсіздік мәселесі бойынша жиналыс өткізген. 13 мамырда полиция № 14 мектепте жасөспірім құрдасы мен мұғалімге пышақ ұрғанын хабарлаған. Оқушы мектепке пышақ әкелген. Кейін ол ұсталған. Жәбірленушілерге медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілген.

Мамырдың басында Қабылбеков Отан қорғаушылар күні қарсаңында Павлодардағы "Жас сарбаз" мектебіне барып, оқушылармен сөйлескен.

XS
SM
MD
LG