Accessibility links

Қырғыз ақыны Асқат Жетіген абақтыда өзін тоқпен азаптағанын айтты


Асқат Жетіген
Асқат Жетіген

Қырғызстанда "Жаппай тәртіпсіздік" және "Билікті басып алуға үндеу" баптары бойынша айыпталған ақын Асқат Жетіген күштік құрылымдар өзін ұстағаннан кейін азаптағанын мәлімдеді. Ол мұны 23 мамырда сот процесі кезінде айтты деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Ақын азаптау фактісі бойынша Қырғызстан омбудсмені мен азаптауды ескерту жөніндегі ұлттық орталыққа шағымданған.

"Мені бір сағат бойы тоқпен азаптады. Ол туралы шағым жаздым, қазір әскери прокуратура істі тергеп жатыр" деді Асқат Жетіген.

Сот кезінде Жетіген сонымен бірге өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін жеткізді.

Жазаны орындау қызметі әзірге Асқат Жетігеннің мәлімдемесіне түсініктеме бермеді. Ақынның адвокатының сөзінше, Жетігеннің шағымы негізінде осыған дейін сот-медициналық және сот-психиатриялық сараптама жүргізілген. Алайда нәтижесі әзірге белгісіз.

Ақын Асқат Жетіген наурызда қамалған. Ол 2022 жылы жаппай тәртіпсіздікке шақырды деген айыпталып отыр. Бұл эпизод бойынша 18 наурызда сот оны ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатқан.

Қылмыстық істің екінші эпизоды бойынша Асқат Жетігенге тағылған айып оның Facebook желісінде биыл 15 наурызда жариялаған видеомәлімдемесімен байланысты.

Асқат Жетіген қамалғанға дейін әлеуметтік желілерде билікті сынап жазба жариялаған. Ертесінде ол Нарын облысында ұсталып, Бішкекке әкелінген. 18 мамырда ақын журналистерге айтқан сөзін қылмыс деп санамайтынын жеткізді.

Асқат Жетіген Қырғызстанда комузшы (қырғыздардың ұлттық аспабы), ақын әрі композитор ретінде танылған. 2021 жылдан бері ол билікті сынап видеомәлімдемелер жасап келеді. Атап айтқанда, ол құмар ойындарды заңдастыруға қарсы шыққан, мемлекеттік туды өзгерту жоспары мен белсенділердің ұсталуын сынаған, мәдениет саласындағы реформаны талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG