Accessibility links

Сот Қайрат Қылышевтің түрмеден ерте босап шығу туралы өтінішін орындамады


Сотта "Құрметті Еуроодақ, АҚШ, Канада, сіздерден [шара қабылдауды] сұраймыз" деп жазылған қағаз ұстап тұрған белсенді Қайрат Қылышев. Алматы, 28 қыркүйек, 2021 жыл.
Сотта "Құрметті Еуроодақ, АҚШ, Канада, сіздерден [шара қабылдауды] сұраймыз" деп жазылған қағаз ұстап тұрған белсенді Қайрат Қылышев. Алматы, 28 қыркүйек, 2021 жыл.

Қапшағай қалалық соты 23 мамырда белсенді Қайрат Қылышевтің түрмеден ерте босап шығу туралы өтінішін орындамады. Бұл жөнінде адвокат Жанар Балғабаева хабарлады. Оның сөзінше, судья шешімнің себебін нақты түсіндірмеген.

"Ақылға қонымды жауап болған жоқ. Дәрежесі бірінші оң мінез-құлық оның түзелгеніне жеткілікті дәлел емес деп айтты" деді адвокат.

Ол сот шешімін міндетті түрде апелляцияға беретінін айтты.

"Егер өтелмеген қарыздары болмаса, арыз-шағым түспесе, ешқандай айыппұлдары болмаса осының өзі босатуға негіз саналады" деді Жанар Балғабаева Азаттық тілшісіне.

Адвокаттың айтуынша, Қайрат Қылышевтің түрмеден шығуына 7 ай 6 күн қалған.

Белсенді Қайрат Қылышев 2021 жылы 11 қазанда "тыйым салынған ұйым жұмысын ұйымдастырды және оған араласты" деген айыппен (405-бап, 1, 2-бөліктері) бес жылға бас бостандығынан айырылған. Қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты түрлі акцияға қатысып жүрген белсендіні тыйым салынған, тіркелмеген "Көше" партиясын құруға араласты деп айыптаған еді. Қазақстан билігі бұл ұйымды оппозициялық саясаткер, экс-банкир Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен байланыстырады. Екеуін де Қазақстан билігі экстремистік ұйым деп таныған. Бірақ Еуропарламент екі қозғалысты "бейбіт оппозициялық ұйымдар" деп атайды.

Құқық қорғаушылар істің саясиланғанын айтып, Қайрат Қылышевті "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.

2022 жылы көктемде сот Қайрат Қылышевтің қалған жазасын шарттыға ауыстыру туралы өтінішін орындап, белсенді қамаудан шыққан еді. Алайда былтыр маусымда сот "пробацияны бұзды" деген айыппен Қылышевті қайта түрмеге ауыстырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG