Accessibility links

Оралда саяжай тұрғындары тасқыннан бүлінген үйлеріне комиссия жүргізуді талап етті


Үйлерін су алған саяжай тұрғындары әкімдік залында отыр. Орал қаласы, 24 мамыр 2024 жыл.
Үйлерін су алған саяжай тұрғындары әкімдік залында отыр. Орал қаласы, 24 мамыр 2024 жыл.

24 мамырда Оралда ондаған саяжай тұрғыны әкімдікке жиналып, су алған үйлеріне келген шығын көлемін анықтау үшін комиссия жіберуді талап етті. Жиналғандардың айтуынша, жүзге жуық адам үкіметтен үй алатындар тізіміне кірмей қалған. Олардың сөзінше, екі баспанасы бар азаматтар мемлекеттік көмектен қағылған.

Әкімдікке жиналғандарды Amanat партиясы филиалының залына кіргізді. Оларға Орал әкімінің орынбасарлары, ішкі саясат басқармасының қызметкерлері шықты. Жиналыста полиция қызметкерлері, әскери киімдегі адамдар және прокуратура өкілдері болды.

—Комиссия бізді алалап жатыр. Мысалы, олар басқа баспанаңыз бар немесе үйіңіз басқа біреудің атына тіркелген екен дейді. Егер жер телімінде екі үй болса, олардың біреуіне ғана қарап, екіншісіне кірмейді. Бізді алалайды. Өтінішпен емес, талаппен келдік. Техникалық тексеру барлығына бірдей жүргізілсін, бізді қажетімізден айыруға ешкімнің қақысы жоқ, – дейді жиналғандардың талабын жеткізген тұрғын Айнұр Сағынғалиева. Ол адамдардың қолында барлық құжаттары бар екенін айтты.

Тасқынға дейін "Автодорожник" саяжай қауымдастығында тұрған төрт баланың анасы Гүлжазира Кенжеғалиева су алған үйінің орнына жаңа үй ала алмайтынын айтты.

—Менің үйім саяжай қауымдастығында салынған. Былтыр жолдасым көз жұмды. Төрт баламызбен пәтерде тұрдық. Үй күйеуімнің туыстарының бірінің атына жазылған. Ал оның ауылда өз үйі бар. Базада оның екі үйі бар деп шығады - саяжайдағы үйім және ауылдағы өзінің үйі. Бұл менде екі үй бар дегенді білдіре ме? – дейді ол.

Шамамен бір сағаттан соң жиынға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев те келді. Ол тасқыннан кейінгі шығынды бағалау үшін аймақта бірнеше комиссия жұмыс істейтінін хабарлады.

Облыс әкімдігінің баспасөз хатшысы Азаттыққа комиссия тәулік бойы жұмыс істейтінін жеткізді.

Нариман Төреғалиев егер тұрғындар үкіметтен үй ала алмай қалғанына келіспесе, олардың мәселесі жеке қаралады деп мәлімдеді.

– Қазір үйлерге техникалық баға беріледі. Мысалы, егер үй су астында қалса, оның жағдайы тексеріледі. Егер жарамсыз танылса, сүрілуге жіберіледі. Сондай үйлер анықталып жатыр. Егер сүрілетін үйден басқа тұрғында баспана болмаса, мемлекет есебінен үй беріледі, - деді ол.

Батыс Қазақстан облысы биыл тасқыннан қатты зардап шеккен Қазақстандағы төрт облыстың бірі. Төтенше жағдай департаментінің хабарлауынша, Орал қаласы маңындағы Жайық, Деріқұл, Шаған өзендері маңында орналасқан 50 саяжай қауымдастығын су басқан. 13,8 мың адам зардап шеккен. Олардың бір бөлігі әлі күнге дейін эвакуация пунктерінде тұрып жатыр. Бір бөлігі уақытша баспана жалдаған немесе туыстарының үйлерінде тұрып жатыр. Су басқан үйлердің көбінен әлі су кетпеген.

XS
SM
MD
LG