Accessibility links

Ресей әскері Харьковтегі құрылыс гипермаркетін атқылады. Қаза болғандар бар


Өрт сөндірушілер Ресей әскері атқылаған гипермаркеттегі өртті сөндіріп жатыр. Харьков, Украина, 25 мамыр 2024 жыл.
Өрт сөндірушілер Ресей әскері атқылаған гипермаркеттегі өртті сөндіріп жатыр. Харьков, Украина, 25 мамыр 2024 жыл.

Сенбі, 25 мамырда Ресей әскері Харьковтің шетіндегі ауданды атқылады деп хабарлады қала мэрі Игорь Терехов. "Эпицентр" құрылыс гипермаркеті атқыланған.

Кешке қарай 6 адамның қаза болғаны белгілі болды, зардап шеккендер 40-қа жетіп, 16 адам із-түзсіз жоғалды. Облыс әкімшілігінің жетекшісі Олег Синегубовтың сөзіне қарағанда, 39 адам ауруханаға түскен, екі адамның жағдайы ауыр, біреуінің жағдайы өте ауыр. Ол реанимацияда жатыр.

"[Ресей әскері] көп адам болған сауда орталығын нысанаға алған тәрізді, бұл таза террор" деп жазды қала мэрі.

Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, гипермаркеттің екі қызметкері қаза болған. Тағы 11 жұмысшыдан хабар жоқ.

"Әуе дабылы іске қосылғаннан кейін қызметкерлер келушілер мен жұмысшыларды мүмкіндігінше тезірек эвакуациялауға бар күшін салды. Бірақ дабыл соғылғаннан кейін бірнеше минуттан соң-ақ ғимараттың орталық бөлігіне екі соққы жасалды. Шабуылдан кейін ірі өрт басталды" деп жазылған компанияның хабарламасында.

Өртке оранған "Эпицентр" гипермаркетіндегі соққыдан қаза болған адам, 25 мамыр 2024 жыл.
Өртке оранған "Эпицентр" гипермаркетіндегі соққыдан қаза болған адам, 25 мамыр 2024 жыл.

Құрылым гипермаркетіне басқармалы екі авиабомба тасталды деп мәлімдеді Харьков облысы әкімшілігінің жетекшісі Олег Синегубов. Оның сөзінше, 15 мың шаршы метр жерді қамтыған өрт болған.

Қаладағы орталық парк те атқылаған. "Спорт алаңына снаряд түсті. Қайта ешкім зардап шекпеді" деп жазды Терехов.

Ресей әскерінің соққысынан кейін өртке оранған азаматтық нысан Харьков, 25 мамыр 2024 жыл.
Ресей әскерінің соққысынан кейін өртке оранған азаматтық нысан Харьков, 25 мамыр 2024 жыл.

Ресей әскері соққы жасаған кезде гипермаркетте 200-ден астам адам болған болуы мүмкін деді Украина президенті Владимир Зеленский.

"Ресей кезекті рет Харьков қаламызға ауыр соққы жасады - сенбі күні күндіз құрылыс гипермаркетін атқылады... Егер Украинада әуе шабуылынан қорғайтын құрал болғанда, Ресей бұлайша соққы жасай алмас еді" деп жазды Зеленский.

Ол әлем жетекшілерін Украинаға әуе шабуылынан қорғайтын қаруларды көбірек жіберуге шақырды.

"Күн сайын әлемге үндеу тастап отырмыз: бізге әуе шабуылынан қорғайтын кешен беріңіздер, адамдарды ажал аузынан құтқарыңыздар. Әрбір қабылданбаған шешім – бұл адамнан айырылу" деді президент.

Кейін Украина билігі Харьков орталығына да соққы жасалғанын хабарлады. Синегубовтің сөзінше, 14 адам зардап шеккен. Арасында 13 жастағы жасөспірім де бар.

Осылайша Харьков бір тәулікте үшінші рет атқыланды. 25 мамырға қараған түні Ресей әскері Харьковтің Слободск ауданын соққылаған. Мэр Игорь Тереховтің айтуынша, С-300 ракетасы құлап, білім мекемесінің шеберханасы қираған, 31 көлік бүлінген, айналадағы бірнеше көп қабатты ғимараттың терезелері сынған. Супермаркет бүлінген.

XS
SM
MD
LG