Accessibility links

Қырғызстан Асман қаласының құрылысын бастайды


Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 25 мамырда Ыстықкөлге сапары кезінде Асман қаласының құрылысы шамамен он күннен кейін басталатынын айтты.

Оның сөзінше, былтыр жобаға бірқатар өзгеріс енгізілгендіктен құрылысы кейінге шегерілген.

"Былтыр капсула салынғаннан кейін шетел әріптестеріміз жәй қала емес, «жасыл қала» тұрғызуды ұсынды. Жобаның өзгеруіне байланысты құрылысты бастау кешіктірілді. Қазір әлемдік экономика «жасыл экономиканы», «жасыл энергияны» қажет етеді. Біз ұсынысты қабылдап, Ыстықкөлге зиян тигізбес үшін «жасыл қала» құрылысын бастап жатырмыз" деді Жапаров.

Президент Садыр Жапаров Асман қаласының іргетасын 2023 жылдың жазында бастап берген болатын. Ол жобаның басты мақсаты Қырғызстанның туристік және инвестициялық мүмкіндіктерін дамыту деп айтқан.

Асман қаласының аумағы – 4 мың гектар. Жаңа қала 500-700 мың тұрғынға есептелген. Ол Ыстықкөлдің солтүстік жағалауындағы Торайғыр және Шырпықты ауылдарының арасында орналасады. Биліктің жоспарынша, қала 7-10 жылда салынып бітеді.

2023 жылы маусымда жобаның авторы, экоқаланың мемлекеттік дирекциясының жетекшісі Руслан Акматалиев Асман құрылысына алдын ала мәлімет бойынша 20 млрд доллар қаражат кететінін айтқан. Жобаның алғашқы инвесторы ретінде оңтүстіккореялық Promise Land компаниясы аталды.

XS
SM
MD
LG