Accessibility links

Израильде "бүлік туралы қоқан-лоқы видеодан" кейін тергеу басталды


Елдің солтүстігінде әскер алдында сөйлеп тұрған Биньямин Нетаньяху.
Елдің солтүстігінде әскер алдында сөйлеп тұрған Биньямин Нетаньяху.

Израильде әскери полиция ХАМАС тобын (АҚШ пен ЕО-да террористік ұйым танылған) "соңына дейін жеңуге жетелейтін" әрекет жасамаса, "Израильдің қорғаныс армиясының бас штабы мен қорғаныс министрінің бұйрығына бағынбаймыз" деп қоқан-лоқы сипатында видео жариялаған әскери қызметкерді тергеп жатыр.

Жұма күні әлеуметтік желілерде жарияланған видеода бет-жүзін маскамен жасырған, қолына қару ұстаған резервист ондай жағдайда тек премьер-министр Биньямин Нетаньяхуға бағынатынын айтқан. Ол сонымен бірге қорғаныс министрі Йоав Галлантты отставкаға жіберуге үндеген. Израильдің ақпарат құралдары видеомәлімдемені "бүлікке шақыру" деп сипаттады. Израильдің қорғаныс армиясы әскери прокуратура қылмыстық іс ашқанын хабарлады.

Видеоны бірінші болып оңшыл журналист Йинон Магал жариялады. Ақпарат құралдарының жазуынша, оған премьер-министра Нетаньяхудың ұлы репост жасаған.

Видео премьер-министр Нетаньяхуға бағытталған. Аты-жөнін айтпаған әскери қызметкер видеода Газа секторында толық жеңіске жету үшін өмірін қиюға дайын "100 мың резервист" барын айтады. Видеоға қарағанда ол Израильдің Газа секторын толық бақылауға алғанын қолдайды.

Биньямин Нетаньяху видеоға түсініктеме берген жоқ. Мұндай мәлімдеме Газа секторында Израильдің әскери операциясының жалғасып жатқанына жарты жылдан астам уақыт болған кезде және әзірге Израиль Газа секторын толық бақылауға ала алмай отырған тұста жарияланды.

Ақпарат құралдарының жазуынша, Израиль үкіметінде Газаның соғыстан кейінгі жағдайына қатысты ортақ ұстаным жоқ. Соғыстан кейін Газа секторын бақылау Палестина автономиясына берілуі мүмкін бе деген сұрақ төңірегінде де қайшы пікірлер көп. Ақпарат құралдары ХАМАС ұстап отырған тұтқындарды босату бойынша келіссөз мәселесінде де қайшылықтар барын жазған.

Жуырда Изриальде жаппай наразылық өтіп, тұрғындар атысты тоқтатуға келіссе де тұтқындарды босату бойынша келісімге келуді талап еткен. Бұған дейін Нетаньяху Израиль Газа секторында ХАМАС-тың көзін толық жоймайынша мақсатынан бас тартпайтынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG