Accessibility links

Бишімбаевты ұстауға барған полицейлер сөгіс алды


Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев сотта сөйлеп тұр.
Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев сотта сөйлеп тұр.

Қазақстан ішкі істер министрлігі былтыр қарашада бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевты ұстауға барған екі қызметкер сөгіс алды деп хабарлады. Ақпаратты ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев растады деп жазды ҚазТАГ агенттігі.

2023 жылы қарашада Астанадағы BAU мейрамханасында Салтанат Нүкенованың мезгілсіз өліміне күдікті ретінде экс-министрді ұстаған полицейлердің бірі Бишімбаевтан "бәлкім өзі қорлаған болар?" деп сұраған. Полиция өкілінің жетонындағы арнайы видео-аудио құрылғыға жазылған оның сөзі 9 сәуірдегі сот процесінде айғақ ретінде көрсетілген. Бишімбаев сотын қадағалап отырған қоғам өкілдері арасында полиция қызметкерінің бұл сөзін сынап, оны "әлімжеттіктен көз жұмған әйелді қаралау" деп сөккендер болды.

ІІМ осы дерек бойынша тергеу жүргізіп, полиция қызметкеріне "міндетін атқару кезінде тәртіп бұзғаны" үшін сөгіс жариялады. Бұдан бөлек, қоғамдық орынды ластағаны үшін Есіл аудандық полиция басқармасының жедел уәкілі қатаң сөгіс алды.

Жетонға жазылған видеоға полиция қызметкерінің экс-министрмен көшеде темекі тартып, жерге түкірген сәті де түсіп қалған.

13 мамырда Астанадағы сот бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевты "әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтірді" деген айыппен 24 жылға түрме жазасына кесті. Бишімбаев Нүкенованың өліміне кінәлі екенін мойындады, бірақ "қасақана өлтірмегенін" айтты. Сот "қылмысты жасырды" деп айыпталған оның туысы Бақытжан Байжановты 4 жылға соттады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG