Accessibility links

Арменияда Ресейдің Бірінші телеарнасы хабарларын көрсетуді уақытша тоқтатты


Арменияда Ресейдің Бірінші телеарнасы қарызын өтегенше хабар тарата алмайды. Бұл туралы Armenpress агенттігі елдің жоғары технология өнеркәсібі министрі Мхитар Айрапетянның айтқанына сүйеніп хабарлады.

Айрапетянның сөзінше, Бірінші арнаның шетелдегі заңды тұлғасы — 1st Channel World Network "келісімшарттағы міндеттерін орындамай", екі жарым айға қарызы жиналып қалған, сондықтан оның хабар таратуы уақытша тоқтатылады.

Наурызда Армения билігі ресейлік "РТР-Планета" телеарнасындағы кремльшіл тележүргізуші Владимир Соловьевтің авторлық екі бағдарламасын көрсетуге шектеу қойған. Бұл шешім "аймақта қайталана беретін заңсыздықтарға байланысты" қабылданды деп түсіндірген.

Соловьевтің бағдарламаларын көрсетуді тоқтатар алдында Армения сыртқы істер министрлігі Ресей елшілігіне екі ел үкіметінің жаппай телекоммуникация саласындағы ынтымақтастық туралы келісімін бұзатыны жөнінде нота жіберген. Айрапетян ол кезде қандай заңсыздық болғанын нақты айтпады, бірақ "оқиға 25 ақпанда Ресей арналарының бірінде болды" деді. Азаттықтың Армян қызметі 25 ақпанда "Владимир Соловьев кеші" бағдарламасында Армения, оның басшылығы туралы бірнеше рет айтылғанын, бірқатар қорлайтын сөз болғанын жазды.

Армения премьер-министрі Никол Пашинян ақпанда France 24 телеарнасына берген сұхбатында Ресей өкілдері күзде Армения азаматтарын көшеге шығып, үкіметті құлатуға үндеді, ал ресейлік телеарналар алты жыл бойы үкіметке және үкімет жетекшісінің жеке басына қарсы үгіт-насихат жүргізді деп айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG