Accessibility links

Израиль армиясы Филадельфия дәлізін бақылауына алды


Египет пен Газа секторының шекарасы.
Египет пен Газа секторының шекарасы.

Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Газа секторы мен Египет шекарасындағы 14 шақырымға созылған буфер аймағы - Филадельфия дәлізін бақылауына алды. 29 мамыр күні кешке Израильдің бұқаралық ақпарат құралдары әскер хабарына сүйеніп осылай деп хабарлады. Олардың мәліметінше, Израиль әскері жағалау аймағындағы шағын учаскені қоспағанда, дәліздің бүкіл аймағында жүр.

Израиль сарбаздары буфер аймағында Газа мен Египет арасынан 20 туннель, тағы АҚШ пен Еуропа одағы "террористік ұйым" деп таныған ХАМАС тобы пайдаланған 80-нен астам туннель шахтасын тапқанын айтты. Египеттен Газаға баратын туннельдерден жиһадшыларға қару-жарақ жеткізген дейді Израиль әскері.

Филадельфия дәлізі 1995 жылғы Ослодағы келісімдерден бастап 2005 жылға дейін Израиль бақылауында болды. Сол кезде Израиль әскері Газа секторынан толық кетіп, Египет жағындағы шекараны бақылауды Египетке, палестиналық бөлігін Палестина автономиясына берді.

Палестина автономиясы шекараны 2007 жылы Газа секторында ХАМАС билікке келгенге дейін бақылады.

Израильдің Газадағы әскери операциясы кезінде Филадельфия дәлізін бақылауға алғысы келетіні жыл басында белгілі болған. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Газа секторының Египетпен шекарасын Израиль бақылауға алмаса, ХАМАС-пен соғысты аяқтай алмайды деп айтқан. The Wall Street Journal басылымы бұл мәселенің шешімі Израиль тарапының Каирмен келіссөздеріне байланысты деп жазды.

Филадельфия дәлізі Газаның оңтүстігіндегі Рафах қаласынан өтеді. 28 мамырда ақпарат құралдары Израиль сарбаздарының қала орталығына кіргенін жазды. Рафах тұрғындары ЦАХАЛ әскері түнде "әуеден шабуылдап, қаланы танкіден атқылағанын" айтты.

27 мамырға қараған түні Израиль армиясы Рафахқа шабуыл жасады, ХАМАС бақылауындағы Газаның денсаулық сақтау министрлігі кемі 45 адам қаза тапты, жүздеген адам зардап шекті деп мәлімдеді.

  • Израиль ХАМАС тобының 2023 жылғы 7 қазанда елдің оңтүстігіне жасаған шабуылына қарымта ретінде Газа секторында әскери операция жүргізіп жатыр. Сол кезде 1200-ден астам бейбіт тұрғын қаза тауып, ХАМАС күштері 250-ден астам адамды кепілге алып, Газа секторына алып кеткен.
  • Израиль Рафахты "ХАМАС-тың соңғы қорғанысы" деп атайды. Politico мәліметі бойынша, америкалық барлау қызметі топ құрамының 30-35 пайызы шығынға ұшырады деп бағалайды.
  • Газа денсаулық сақтау министрлігі Израиль операциясы басталғалы 36 мыңнан астам бейбіт тұрғын опат болып, 81 мыңнан астамы жараланған деп хабарлады. Бұл ақпаратты растайтын тәуелсіз дерек көздері жоқ. Израиль әскері ХАМАС тобын халқы көп қала ғимараттарына қару-жарақ қойды және тұрғындарды "тірі қалқан" ретінде пайдаланды деп айыптайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG