29 мамырда Павлодар ауруханасында өткен аптада "Ақсу ферроқорытпа зауытындағы" (АФЗ) өрттен зардап шеккен 25 жастағы әйел көз жұмды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
АФЗ-де кран машинисі болып жұмыс істеген оны 25 мамырда санавиациямен Ақсудан Павлодарға жеткізген еді. Өрттен қатты күйген әйел қалалық аурухананың реанимация бөліміне түскен. Дәрігерлер оның денесінің 80-85 пайызы күйіп, 3-4 дәрежелі шок алғанын айтқан.
Өрттен зардап шеккен екінші адам – 1985 жылғы әйелдің оң қолы күйген, дәрігерлер оны үйден ем алуға жіберді.
Алдын ала ақпарат бойынша, 24 мамырда "Ақсу ферроқорытпа зауытында" жұмыс кезінде балқыған металл құйылған ыдыс аударылып кетіп, салдарынан №3 және №4 кран машинистері жараланды деді еңбек басқармасы. Бұл жайтты жазатайым оқиға деп тергеп жатыр.
70 мыңға жуық халқы бар Ақсу қаласында орналасқан "Ақсу ферроқорытпа зауыты" – хром, кремний және марганец қорытпаларын шығаратын әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі. Ол "Еуразия тобы" (ERG) құрамына кіретін "Қазхром" компаниясына қарайды.
2020 жылы зауыттың 6-цехінде бір кран машинисі жараланып, денесінің 10-12 пайызы күйіп қалған.
Былтыр 21 маусымда зауытта өрт шыққан. Құтқарушылардың дерегінше, №4 балқыту цехінде трансформатор өртенген. Оны сөндіру кезінде бір өрт сөндіруші қолы жараланып, ауруханаға жатқызылған.
ПІКІРЛЕР