Accessibility links

Иранда президент сайлауына үміткерлерді тіркеу басталды


30 мамырда Иранда президент сайлауына қатысатын үміткерлерді тіркеу басталды. Иран президенті Ибрахим Раисидің қазасына байланысты келесі айда кезектен тыс сайлау өтеді.

Азаттықтың Иран қызметі – Фарда радиосы үміткерлерді тіркеу кезеңі бес күнге созылады деп хабарлады. Дауыс беру 28 маусымға белгіленген. Мемлекеттік IRNA ақпарат агенттігі "шамамен 25 үміткер өтініш берді, бірақ олардың бәрін қабылдамады" деп жазды.

Үміткерлердің түпкілікті тізімін 11 маусымда Конституция сақшылары кеңесі жариялайды. Ал кеңес мүшелерін рухани көсем аятолла Әли Хаменеи тағайындайды не мақұлдайды.

Иранда президент қызметі ең жоғарғы қызмет саналмайды – елді Хаменеи басқарады. Президент үкімет қызметіне жетекшілік етіп, ел атынан халықаралық кездесулерге қатысады.

Тікұшақ апатынан қаза мерт болған Ибрахим Раиси 85 жастағы Әли Хаменеидің сенімді адамы еді. Бұған дейін Раиси елдің келесі көсемі болады деген пікір кең тараған-ды.

63 жастағы Раиси Иран президенті лауазымын 2021 жылдан бері атқарып келді. Ол осы қызметке дейін бас прокурор болып істеді, жоғарғы сотқа жетекшілік етті.

Ислам республикасындағы сыншылары Раисиді 1988 жылы саяси тұтқындарды жаппай өлім жазасына кескені үшін "Тегеран қасапшысы" деп атап кеткен. Сол жылы ол Тегеран прокурорының орынбасары болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG