Accessibility links

Ақтөбеде бұрынғы әйелін өлтірді деп айыпталған адам 11 жылға сотталды


Судья Алтынбек Сабыров "бұрынғы әйелін буындырып өлтірді" деп айыпталған Нұржан Хайруллаевқа шығарылған үкімді оқып тұр. Ақтөбе қаласы, 31 мамыр, 2024 жыл.
Судья Алтынбек Сабыров "бұрынғы әйелін буындырып өлтірді" деп айыпталған Нұржан Хайруллаевқа шығарылған үкімді оқып тұр. Ақтөбе қаласы, 31 мамыр, 2024 жыл.

31 мамырда Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандарылған ауданаралық соты "бұрынғы әйелін буындырып өлтірді" деп айыпталған 27 жастағы Нұржан Хайруллаевқа 11 жыл түрме жазасын кесті. Бұған қоса сот Хайруллаевты жәбірленуші тарапқа 20 млн теңге моральдық шығын төлеуге міндеттеді. Сот үкімі күшіне әлі енген жоқ.

Бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапқан Айбану Сағымбаева. Суретті Азаттыққа марқұмның туыстары берді.
Бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапқан Айбану Сағымбаева. Суретті Азаттыққа марқұмның туыстары берді.

Нұржан Хайруллаев пен Айбану Сағымбаева 2017 жылы үйленіп, отбасында үш бала дүниеге келген. Бес жылдан кейін екеуі ажырасқан. Кейін Айбану балаларын алып, Ақтөбеден Темір ауданы Шұбарши кентіне көшіп барған.

Айыптау қорытындысында Хайруллаев 2024 жылғы 31 қаңтарда түнделетіп Шұбарши кентіне барғаны, бұрынғы әйеліне қайта қосылуды ұсынғаны жазылған. Айбану келіспеген. Ызаланған Хайруллаев бір қолымен әйелдің аузын басып тұрып, екінші қолымен буындырып өлтірген дейді тергеушілер. Қылмыс жасалғаннан кейін Хайруллаев үлкені - алтыда, ортаншысы - бесте, кенжесі - үш жасар үш баланы қауіпті жағдайда қалдырып, түн ортасында Ақтөбеге оралған деп жазылған тергеу материалында.

Полиция Хайруллаевты 1 ақпанда жұмыс орнынан ұстап әкеткен. Кейін оған Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" бабымен айып таққан. Ол сотта өзіне тағылған айыпты ішінара мойындады. Ол "қасақана өлтірген жоқпын, абайсызда ашумен болды" деді. Ал адвокаты Сұлушаш Каренова Азаттыққа пікір беруден бас тартты.

26 жастағы Айбануды туыстары 1 ақпанда өлі күйінде тауып алған. "Күндегі дағды бойынша амандығын сұрап хабарласқынымызда телефонға жауап бермеді. Үйіне келсек, үш баласы мамам оянбайды деп жылап отыр екен" дейді марқұмның туыстары.

– Үш бала қазір менің қамқорлығымда. Әр түн сайын аналарын іздеп жылаған кезде жанымды қоярға жер таппаймын, – дейді Айбанудың нағашы апайы Сәуле Сағымбаева.

Оның айтуынша, Хайруллаев ажырасқалы бері балаларға алимент төлемеген, қаржылай көмектеспеген.

– Нұржан Хайруллаевты әкелік құқынан айыруды талап етіп, сотқа шағымданамыз. Ал бүгінгі үкімге мүлдем разы емеспіз. Апелляция алқасына шағымданамыз, – деді Сәуле Сағымбаева Азаттыққа.

Сотталушы шағым түсірмесе, сот үкімі 15 күнде күшіне енеді. Содан сон Хайруллаев жазасын қауіпсіздігі орташа режимдегі мекемеде өтейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG