Accessibility links

Ресей мен Украина "75 те 75" формуласы бойынша тұтқын алмасты


Ресей қорғаныс министрлігі Украинамен тұтқын алмасқанын хабарлады. Екі жақ ақпаннан бері алғаш рет адам алмасып отыр. Ресейге – Украинада тұтқында болған 75 ресейлік әскери қызметкер, Украинаға Ресей әскерінің қолында болған 75 украин жауынгері оралды.

Ресей ведомствосының хабарлауынша, процеске Біріккен Араб Әмірліктері араағайындық еткен.

Жұма күні Ресей мен Украина мәйіттермен де алмасты. РБК-ның жазуынша, Украина Ресейге 45 мәйіт тапсырған.

Украинаның әскери тұтқындармен қатынас мәселелері жөніндегі үйлестіру штабының хабарлауынша, Украина 212 әскери қызметкердің денесін қайтарған. Бұл Донецк, Запорожье, Луганск, Харьков бағытында әскери қимылдарға қатысқан жауынгерлер.

Бұған дейін екі жақ 26 сәуірде мәйіт алмасқан. Ол кезде Ресей жағына – 36, Украинаға 140 мәйіт берілген.

Ал екі жақ арасында тұтқын алмасу соңғы рет 8 ақпанда – Ресейдің Белгород облысында Ил-76 ұшағы апатынан екі апта өткен соң жүргізілген. Ресей қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ұшақ бортында тұтқында болған 65 украин әскери қызметкері болған. Олар Белгород қаласына тұтқын алмасуға әкетіліп бара жатқан. Борттағылардың бәрі қаза болғаны хабарланды. Ресейдің ресми тұлғалары ұшақты Украина атып түсірді деп мәлімдеген.

Ал Украина билігі Ресейдің мәлімдемесін растаған жоқ, терістеген де жоқ. Олар тұтқын алмасу шынымен де жоспарланғанын, алайда болмағанын айтқан. Украина билігі ұшақ апатын халықаралық тергеуге шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG