Accessibility links

Ақтөбе облысында тасқыннан зардап шеккен тұрғындар жаңа үй құрылысына жұмсалатын қаржыны қолға беруді талап етті


Ақтөбе облысында тасқыннан зардап шеккен тұрғындар жаңа үй құрылысына жұмсалатын қаржыны жеке шоттарына аударуды талап етіп тұр. Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы 31 мамыр 2024 жыл.
Ақтөбе облысында тасқыннан зардап шеккен тұрғындар жаңа үй құрылысына жұмсалатын қаржыны жеке шоттарына аударуды талап етіп тұр. Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы 31 мамыр 2024 жыл.

31 мамыр жұма күні Ақтөбе облысы Ойыл ауданы әкімдігінің маңына тасқыннан зардап шеккен жүзден астам адам жиналып, наразылық акциясын өткізген. Аудан орталығына жиналған Қаратал, Екпетал ауылдары мен Жаңабаз қыстағының тұрғындары жаңа үйдің құрылысына жұмсалатын 22 млн теңгені жеке шотына аударуды талап етті. Жиналған жұрт жаңадан салынатын 80 шаршы метрлік үйді тар деп санайды. Сондай-ақ, аудан орталығы Ойылда тұрғын үйлердің қымбаттап кеткеніне де наразы.

- Кешкі жетілер шамасында әкімдікке барып, түнгі бірде тарадық. Тарағанда да өз ықтиярымызбен емес, мәжбүрлеп таратты. Біз талабымыз орындалғанша әкімдіктің жанынан кетпейміз деп киіз үй құрғанбыз. Киіз үйді жықтырып, халықты полициямен қорқытты. Ойылдың шетіне арнайы жасақ әкеп қойды. Бірақ олар жоғарыдан бұйрық күтсе керек әкімдіктің жанына келмеді, - дейді аты-жөнін атамауды сұраған наразылардың бірі.

Ойылдықтар Азаттыққа жолдаған видеода наразылармен аудан әкімі Асқар Қазыбаев сөйлесіп тұрғаны көрінеді. Бірақ тараптар мәмілеге келе алмаған. Билік жұма күнгі жиынның заңсыз екенін ескерткеннен кейін наразылар бейбіт митинг өткізетінін айтып, әкімдікке хабарлама қалдырған. Одан бөлек жаңа үйдің құрылысына жұмсалатын 22 млн теңгені жеке шотына аударуды сұрап арызданған.

Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Екпетал ауылының тасқыннан кейінгі көрінісі. 27 сәуір, 2024 жыл.
Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Екпетал ауылының тасқыннан кейінгі көрінісі. 27 сәуір, 2024 жыл.

Наразылардың арызында аудан орталығы Ойылда үй қымбаттап кеткені жазылған.

«Сатушылар саман үйлердің өзіне кемі 22 млн теңге сұрап отыр. Ойылда сатылатын үй қалмады» деген шағымды тасқыннан зардап шеккендер Азаттыққа осыдан бір ай бұрын да айтқан болатын.

«Осы кезге дейін бала-шағамыз, үлкен кісілерімізбен ағаш үй, пологта жатырмыз. Қазіргі таңда күн ыстық. Ағаш үйлер мен пологта жату мүмкін емес» делінген аудан әкімі Асқар Қазыбаевтың атына жолданған арызда.

Азаттық Асқар Қазыбаевпен байланыса алмады. Әкімнің орынбасары Мұрат Айдарбаев тұрғындардың жиналғанын растап, олардың талабы қолданыстағы заң аясында шешілетінін айтты.

- Тасқыннан зардап шеккен азаматтарға мемлекет үй салып береді немесе үй сатып алуға қаржы бөледі. Қолданыстағы заң талабы - осы. Ал тұрғындар 22 млн теңгені қолымызға бер деп отыр. Бұл аудан әкімдігінің құзырындағы мәселе емес, - деді Мұрат Айдарбаев.

Ақтөбе әкімдігінің мәліметінше, Ойыл ауданында 328 үйді тасқын су бүлдірген. Оның 307-cі тұруға мүлдем жарамсыз. 21 үй жөнделеді. Әкімдік 27 отбасына аудан орталығынан үй сатып алынып, 276 үйдің құрылысы басталғанын хабарлады.

Көктемгі су тасқынынан Ақтөбе облысындағы Ойыл мен Ырғыз аудандарының халқы қатты зардап шекті. Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында 144 үй екі айдан бері суда тұр. Топан судан әсіресе, Ырғыздың Нұра ауылы көп зардап шеккен. Екі айдан бері су ортасында қалған тұрғын үйлердің 155-і – Нұра ауылында.

Ырғыз ауданындағы Жайсаңбай, Құйылыс ауылдарының тасқынмен күрескеніне екі ай болды. Су басып қалған, тасқынмен күресіп жатқан бұл бес ауылдың халқы аудан орталығы Ырғыздағы эвакуация орталықтарын паналап отыр.

Ақтөбе облысында тасқыны қиратып кеткен үйлердің орнына 652 жаңа баспана тұрғызылуы тиіс. Үйсіз қалған 300-ден астам тұрғын дайын үйлерді сатып алуға келісім берген. Ресми мәліметтерге қарағанда, тасқын Ақтөбе облысының аумағындағы 136 шақырым тас жолды, 15 көпір мен 23 әлеуметтік нысанды бүлдірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG