Accessibility links

Зеленский Сингапурда АҚШ конгресі өкілдерімен кездесті


Украина президенті Владимир Зеленский
Украина президенті Владимир Зеленский

Украина президенті Владимир Зеленский 1 маусымда Сингапурға ұшып келді. Ол онда Азия-Тынық мұхиты аймағындағы қауіпсіздік мәселелеріне арналған "Диалог Шангри-Ла" форумында сөз сөйлейді. Зеленский сонымен бірге Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің бірқатар басшыларымен кездесіп, форумқа қатысатын АҚШ өкілдерімен де кездесу өткізбек.

Зеленскийдің Сингапурға баратынын ақпарат құралдары жақында ғана хабарлаған. Оның сапары Швейцариядағы бейбітшілік саммиті қарсаңында өтіп отыр. Ол халықаралық конференция барысында Украинаның позициясын бейтарап елдердің өкілдеріне (арасында Азия елдері де бар) жеткізуді көздеп отыр.

"Украинада әділ бейбітшілікті қалпына келтіру, ғаламдық азық-түлік қауіпсіздігі мен ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – бұл Швейцариядағы ғаламдық бейбітшілік саммитінің міндеті. Сондықтан да бізге Азия-Тынық мұхиты аймағының үнін тыңдау маңызды" деді сапарының мақсатын түсіндірген Зеленский.

Украина президенті Индонезия мен Шығыс Тимор басшыларымен кездескен. Ол Сингапур басшылары және форумға келген АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остинмен де кездеспек.

Зеленский сонымен бірге өкілдер палатасының сыртқы саясат жөніндегі комитет жетекшісі Майкл Маккол бастаған АҚШ конгресі делегациясымен де кездескен.

Украина президенті кеңсесінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Зеленский кездесуге қатысқандарға соғыстағы жағдайды баяндап, Украинаға қару тасымалдау мен санкциялық бастама мәселелерін талқылаған.

"Тараптар Украинаның Харьков облысымен шекаралас аудандарындағы Ресейдің әскери нысандарына соққы жасау үшін америкалық қаруды қолдануға рұқсат берудің маңыздылығын жеке атап өтті" деп жазылған хабарламада.

"Шангри-Ла диалогы" – Сингапурдағы халықаралық стратегиялық зерттеулер институты (IISS) өткізетін жыл сайынғы үкіметаралық форум.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жексенбі күні Зеленский "Ғаламдық бейбітшілік пен аймақтық тұрақтылыққа қажет шешімдерді қайта қарау" атты пікірталас сессиясына қатысады.

Форумға аймақтағы 30-ға жуық елден, соның ішінде АҚШ пен Қытайдан жоғары лауазымды өкілдер қатысып жатыр. Ресей "Шангри-Ла диалогына" 2022 жылдан бері – Украинаға басып кірген кезден бастап қатыспаған.

XS
SM
MD
LG