Accessibility links

Жапаров өзінің туыстарының мемлекеттік жобаларға қатысы жөнінде зерттеуге түсініктеме берді


OCCRP, "Темиров Live" және Kloop жүргізген журналистік зерттеудегі сурет.
OCCRP, "Темиров Live" және Kloop жүргізген журналистік зерттеудегі сурет.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров мемлекеттік "Кабар" агенттігіне берген кезекті сұхбатында OCCRP, "Темиров Live" және Kloop порталы бірігіп жасаған журналистік зерттеуде айтылған тұжырымдарға түсініктеме берді. Бұл жөнінде Азаттықтың Қырғыз қызметі жазды.

Зерттеуге қарағанда Қырғызстанда ірі мемлекеттік жобалар Жапаров пен президент істері жөніндегі басқарма жетекшісі Қаныбек Тұманбаевтың айналасындағы адамдарға берілген.

Садыр Жапаров "Кабарға" берген сұхбатында мұндай сұрақтарға "соңғы рет" жауап беретінін мәлімдейді. Ол "алдағы уақытта мұндай мәнсіз айыптауларға жауап бергенді құп көрмейтінін" жеткізген.

Жапаровтың айтуынша, "ірі құрылыс жобалары барлығына бірдей ашық".

"Жеке компаниялар Баткенде 5 млн 800 мың сомнан үй салуды ұсынғанда, біз бұл соманы тым жоғары деп есептеп, бас тарттық. «Аманат» серіктестігі әрқайсысының құны 3 млн 300 мың сом болатын 91 үй салды. Қалған 33 компания ақыры осындай бағаға келісті. Осылайша Баткенде әрқайсысы 3 млн 300 мың сом тұратын 400-ден астам үй салынды. Мемлекеттің қомақты қаржысын үнемдедік. […] Басқа да мүдделі компаниялар келе алады. Мемлекеттік ипотекалық компанияның есігі ашық. Шарт барлығына бірдей. Шаршы метрі 650 доллар тұратын үй салуға дайын барлық компанияларға есік ашық. Алайда тиісті жабдықтары жоқ компаниялар қабылданбайды. Олардың құрылыста тәжірибесі болуы және құрылыс техникасы болуы керек" деді Жапаров.

Оның сөзінше, көп құрылыс компаниялары "мұндай бағада пайда таппағандықтан" жобадан бас тартады, сол себепті ол журналистік зерттеуде аты аталған компаниялардан құрылысқа кірісуді сұраған.

Бұған дейін үш ақпарат құралы кейінгі жылдары ашылған 11 ірі мемлекеттік жобаларға кім жетекшілік ететінін зерттеген.

Зерттеуге қарағанда, президент Садыр Жапаровтың туыстары мен оның ұлы Рүстем Жапаровтың досы, бұған қоса президент істері жөніндегі басқарма жетекшісі Қаныбек Тұманбаевтың таныстары елдегі ірі мемлекеттік жобаларды қолға алған.

Мысалы, Рүстем Жапаровтың досы 24 жастағы рэп орындаушы Еламан Тоқтабеков ірі мемлекеттік құрылыс жобаларына қатысқан "Модуль Хаус" компаниясы жетекшілерінің бірі. Оған Тұманбаевтың танысы Қошқарбек Жұманазаров та иелік етеді.

Одан бөлек, мысалы Баткенде үй салған және Бішкекте ипотекалық баспана құрылысымен айналысқан "Аманат Строй Инвест" компаниясы президенттің туған бауырының ұлының досы Әділет Нұрланбекұлына тиесілі. Бұл компания жетекшілерінің бірі ретінде Тұманбаевтың жерлесі Давид Камбаров та аталды.

XS
SM
MD
LG