Грузияның бірқатар саяси партиялары мен оппозициялық саясаткерлері халықаралық қауымдастыққа қайырылып, "Бірыңғай ұлттық қозғалыстың" орталық кеңсесіндегі ойранды айыптауға шақырды. Бұған қоса, "шетел агенті" заңына қарсы адамдардың қудалануын сөгіп, "шетел агенті" заңын қабылдағандарға санкция салуға үндеді. Бұл жөнінде Азаттықтың Грузин қызметі жазды.
Олар Грузиядағы "адам құқығы мен демократиялық процестердің өрескел бұзылу жайттарына келгенде қатаң позиция ұстануға" үндеді.
Мәлімдеме авторларының айтуынша, 1 маусымға қараған түні 60 шақты адам "Біртұтас ұлттық қозғалысының" орталық кеңсесіне шабуылдаған. Күштік құрылымдар оқиғаға кеш реакция білдірген. Бұл Грузиядағы азаматтық және саяси белсенділердің қауіпсіздігіне ірі қатер төніп тұрғандығынан хабар береді дейді олар.
Басқарушы "Грузин арманы" партиясының оппоненттерінің айтуынша, "шетел агенті" туралы заң қабылданғаннан кейін "қазіргі режимнің қудалағыш сипаты" айқын болып барады. Саясаткерлер Оккупацияға қарсы қозғалыстың жетекшісі Давид Кацарав, "Бірыңғай ұлттық қозғалыстың" жетекшісі Леван Хабеишвили, осы партияның мүшесі Дмитрий Чиковани және өзге де оппозициялық партия жетекшілерінің соққыға жығылу фактілерін мысалға келтірді.
"Иванишвили режимі жасырын телефон нөмірлері арқылы мыңдаған азаматтарды қорқытады және қорлайды, үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялардың кеңселеріне баса көктеп кіреді, белсенділердің үйлерінің сыртына "шетел агенті", "сатқындар" деп жазып кетеді. Маска таққан адамдар саяси қарсыластарының үйлерін торуылдайды. Олигарх Иванишвилидің жария түрдегі қоқан-лоқысы Грузияның қиын жағдайда тұрғанын айқындай түседі" деп жазылған оппозициялық партияның мәлімдемесінде.
Грузин белсенділері Еурокомиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйенге, Еуропарламент төрағасы Роберт Мецолаға және ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррелге петиция жариялады. Олар "шетел агенті" туралы (толық атауы "Шетел ықпалының ашықтығы туралы") заңның қабылдануына жауапты барлық лауазымды тұлғаларға санкция салуды талап етті. Белсенділердің пікірінше, "Ресей заңына" ұқсас құжат қабылдауға және зорлық-зомбылық әрекеттеріне қатысы бар барлық адамға санкция салынуы керек.