Accessibility links

Ресейде және шетелде Алексей Навальныйды еске алды


Алексей Навальныйдың қабір басындағы фотосы мен марқұммен қоштасуға келген жұрт қойған гүл. Мәскеудегі Борисов зираты, 1 наурыз, 2024 жыл.
Алексей Навальныйдың қабір басындағы фотосы мен марқұммен қоштасуға келген жұрт қойған гүл. Мәскеудегі Борисов зираты, 1 наурыз, 2024 жыл.

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный тірі болғанда бүгін 48 жасқа толар еді. Ол биыл 16 ақпанда Ресейдің Харп ауылындағы тәртібі қатаң түрмеде көз жұмды. Оппозиционердің жақтастары "Навальныйды өлтірді" деп билікті айыптайды. Ресей билігі саясаткер "өз ажалынан қайтыс болған" дейді.

4 маусымда ресейлік оппозиция белсенділері шетелдегі бірнеше қалада Навальныйды еске алу іс-шарасын өткізбек. 1 наурызда саясаткерді жерлегенде Мәскеуде мыңдаған адам көшеге шыққан еді. Бұл – Ресей 2022 жылы ақпанда Украинаға соғыс ашқалы бергі ең ауқымды наразылық акциясы болды.

Берлинде оппозиционердің жақтастары 4 маусым кешке "Сәлем, бұл Навальный" атты еске алу концертін ұйымдастырмақ. "Бір сахнаға Ресейдегі соғыс пен диктатураға қарсы шыққан әртістер жиналады: "АИГЕЛ", "Каста", Noize MC, "Порнофильмы", – деп жазылған хабарламада. Концерттен түскен қаржы саяси тұтқындарды қолдауға жұмсалады деп хабарлады ұйымдастырушылар.

Ресей билігі Алексей Навальный құрған ұйымдарды "экстремистік" деп танып, оның жақтастарын қудалап жатыр. Бірнеше қалада марқұм оппозиционерді еске алу акциясына билік те өзінше дайындалып жатыр деген хабар тарады. Новосибирскіде саяси қуғын-сүргін құрбандарына орнатылған ескерткішті лентамен қоршап қойған, Навальный көз жұмғаннан кейін ол жерде мемориал пайда болған еді. "7×7" телеграм-арнасының мәліметінше, Сыктывкар, Пермь мен Березникиде Навальныйдың туған күні қарсаңында полиция белсенділердің үйін аралаған.

Мәскеуде жұрт Борисов зиратындағы Навальный қабіріне гүл қойды. Зиратқа Навальныйдың және оппозиционер Илья Яшиннің ата-анасы барған. Қазір Ресейде түрмеде отырған Яшин –Навальныйдың досы.

DOXA мәліметінше, Владивосток, Йошкар-Ола және Самара қалаларында жұрт Навальныйды еске алған.

Навальныйдың таныстары мен достары, саяси белсенділер, журналистер мен қоғам қайраткерлері әлеуметтік желілерде саясаткер туралы жазбалар жариялап жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG