Accessibility links

Үйін тасқын бүлдірген Құлсарының екі мыңнан аса тұрғыны билік ұсынған өтемақыны алуға келісті


Құлсарыдағы су тасқыны. 5 сәуір, 2024 жыл.
Құлсарыдағы су тасқыны. 5 сәуір, 2024 жыл.

Атырау облысында тасқыннан зардап шеккен Құлсары қаласының екі мыңнан аса тұрғыны үйін қалпына келтіруге өтемақы алу жөнінде шарт жасасты. Бұл туралы 4 маусымда төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық жедел штаб хабарлады.

"2087 адам өтемақы алу бойынша шартқа қол қойды. 1582 тұрғынның жеке шотына қаражат түсті", – деп жазды жедел штаб.

Ресми ақпаратта өтемақы алғандар жаңа үй салуға дайындалып жатқаны айтылған. 5 сәуірде үйі суға кеткен Құлсары тұрғыны Дайрабай Елдесбаев комиссия баспанасын тұруға мүлде жарамсыз деп танығанын айтты. Ол бір шаршы метрге 240 мың теңгеден есептеліп берілетін өтемақы мөлшеріне келіскенін, қанағаттанатынын мәлімдеді.

Штаб Құлсарыда тасқыннан зардап шеккендерге арналған 100 үй салынып жатыр, әр үйдің ауданы – 100 шаршы метр деп хабарлады.

Баспанасымен қоса жиған-терген мүлкінен айрылғанын айтқан Құлсары тұрғындары мамырдың ортасында үкіметтен тасқын құлатқан үйінің әр шаршы метрін 400 мың теңгеден есептеуді сұрап, әкімдік алдына жиналған. Олар үйі ғана емес, өзге де дүние-мүлкі: қора-қопсы, көлікжай, киім-кешек, тұрмыс техникалары мен жиһаздарынан да айрылғанын алға тартып, әлгі 400 мың теңгенің ішіне сол шығынның бәрі кіреді деп түсіндірді. Билік өкілдері мүлікті техникалық сараптау қорытындысы жөніндегі құжатқа сүйеніп, тасқыннан зардап шеккен үйдің әр шаршы метрі нарықтағы бағамен 200-240 мың теңгеден есептеледі деді. 15 мамырдан бастап жергілікті әкімдік алдына наразылық білдіріп жиналып жүрген жұрт 22 мамырда тарады.

Өткен аптада үкімет тасқыннан кейін 30 мыңнан аса отбасы 100 АЕК (369 200 теңге) көлемінде бір реттік жәрдемақы алды деп хабарлады. Ресми ақпарат бойынша, тасқын салдарынан Қазақстанда шамамен 12 мыңнан аса үйді және 18 мыңнан аса саяжай аумағындағы баспананы су басқан, оның ішінде 5353 үй зардап шеккен адамдардың жалғыз баспанасы болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG