Қазақстанның мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қарин азаматтарды "ел ынтымағын бұзбауға, шаңырағын шайқалтпауға" шақырды.
"Барша адам, әсіресе қоғамдық-саяси өмірге белсене атсалысып жүрген азаматтар, өзінің саяси көзқарасы мен ұстанымына қарамастан, жалпыұлттық мүддені, мемлекеттілікті сақтау және нығайту мәселесін бәрінен биік қоюға тиіс" деді ол 5 маусымда "Егемен Қазақстан" сайтында жарияланған "Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарының басты негіздері" мақаласында.
Қарин мақалада "елде пікір алуандығын дамытып, жалпыұлттық мүддеге баса мән беру қажет" дейді. Ол "жұртты арандатып, дау-дамай туғызуы мүмкін кез келген сөзге абай болған жөн" екенін айтады. Мемлекеттiк кеңесшінің сөзінше, "тым шолақ ойлайтын кейбір әсіре белсенді" сыңаржақ көзқарастарын күшпен таңып, жұрт пікірін өз ыңғайына қарай бұрғысы келеді.
Мемлекеттік кеңесші қоғамдағы пікірталас кезінде аттап өтуге болмайтын "қызыл сызық" (Redline) туралы айтты, оның пікірінше, бұл цензураға жатпайды, ол саяси пікірталас кезінде "ұстамды болып, сабыр сақтауға" шақырады.
Қариннің айтуынша, ел алдында жүрген азаматтар, яғни қоғам белсенділері, БАҚ қызметкерлері, блогерлер, азаматтық сектор өкілдері "этносаралық қатынастарға және тіл мәселесіне, дін саласына, сыртқы саясатқа қатысты ахуалды ушықтырмауға баса мән беруі қажет"
"Қоғам бұл мәселелер бойынша жанжал туғызатын сөз таратуға, ашу-ызаға толы мәлімдеме жасауға болмайтынын жақсы түсінеді. Бұл турасында білікті мамандар мен сарапшылар ғана кәсіби тұрғыдан пікір таластыра алады" дейді мемлекеттік кеңесші.
Қарин мемлекет "ел ынтымағын бұзып, шаңырағын шайқалтқысы келетін" кез келген әрекетке заң арқылы қатаң тосқауыл қояды деді.
Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда алауыздық тудыратын кез келген әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет деген еді.
Мемлекеттiк кеңесші мақаласында Қазақстан "реформалар жолымен сенімді қадам басып келеді" деп жазған, ол "өзгерістер әп-сәтте жасала қоймайды" дейді.
Қариннің мақаласы бойынша, Қазақстанда ең төменгі еңбекақы көлемі екі есеге артып, бұл 1,8 миллион адамның табысына тікелей әсер еткен. Бірақ ол инфляция, тариф қымбаттағаны туралы жазбаған.
Ол "мемлекеттік мекемелер ашық жұмыс істей бастады, түрлі деңгейдегі лауазымды тұлғалар немен айналысып жатқанын елге көрсетіп, қызметін жан-жақты түсіндіру үшін көпшілік алдына жиі шығатын болды" деп жазған.
ПІКІРЛЕР