Accessibility links

АҚШ стратегиялық ядролық күштерін ұлғайтуы мүмкін


АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі жөніндегі кеңесінің жоғары лауазымды қызметкері Пранай Вадди Ресей, Қытай және Солтүстік Корея тарапынан зорайған қауіп-қатерді тежеу үшін Вашингтон алдағы жылдары стратегиялық ядролық күштерін нығайтуға мәжбүр болуы мүмкін деп мәлімдеді.

Ваддидің айтуынша, АҚШ ядролық қаруды таратпау туралы халықаралық режимді сақтап отыр, алайда Ресей 2026 жылы мерзімі аяқталатын стратегиялық шабуыл қаруды қысқарту туралы келісімге балама құжатты талқылаудан бас тартқан. Ал Қытай ядролық арсеналдың артуы мәселесін талқылауға құлық танытпаған.

"Америка халқын және одақтастарымыз бен серіктестерімізді қорғау үшін алдағы уақытта қарсыластарымызға тосқауыл қою үшін орналастырылған қару-жарақты көбейтетін сәтке жетуіміз мүмкін" деді Вадди.

Осы аптаның басында Ресей президенті Владимир Путин Ресей Киевке одақтас елдердің қарсыластарына қару-жарақ беруге дайын деп мәлімдеген. Оның сөзінше, бұл Батыс елдерінің Киевке Ресей аумағындағы нысандарға батыс қаруымен соққы беруіне рұқсат беруіне "қарымта жауап" болмақ.

Бейсенбі күні Куба билігі Гаванаға келесі аптада төрт ресейлік кеме жеткізілетінін хабарлады. Арасында "Қазан" атом суасты кемесі мен ракеталық "Адмирал Горшков" фрегатасы бар. Ресей кемелерінде ядролық қару жоғы және аймаққа қауіп-қатер жоғы хабарланды.

АҚШ Кубаға бірнеше ұшақ пен кемелердің жеткізілгенінен қауіп көрмейтінін, алайда Американың әскери-теңіз күштері жаттығуды бақылайтынын мәлімдеді. Қырғи-қабақ соғыс тұсында СССР-дың Кубада ракета орнатуы 1962 жылғы Кариб дағдарысын тудырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG