Accessibility links

Париж Киевке инфрақұрылымды қалпына келтіруге 200 млн еуро бөледі


Украина басшысы Владимир Зеленский (сол жақта) және Франция президенті Эммануэль Макрон.
Украина басшысы Владимир Зеленский (сол жақта) және Франция президенті Эммануэль Макрон.

Украина және Франция президенттері Владимир Зеленский мен Эммануэль Макрон Париждегі кездесу кезінде Украинаның маңызды инфрақұрылымын қалпына келтіруге көмектесу үшін 200 млн еуролық қор құру туралы келісімге қол қойды. 60 млн еуросы энергетика секторына жұмсалмақ.

Кездесуден кейін өткен қорытынды баспасөз жиынында Макрон Париж украиналық жобаларды қолдау агенттігінің мандатын кеңейтіп, Украинаға техникалық көмек көрсетуге 20 сарапшыны жіберетінін айтты.

Бұған дейін Макрон Франция Украинаға "Мираж 2000-5" жойғыш ұшағын беретінін және 4,5 мың украин әскерін жаттықтыратын бағдарламаны іске қосатынын мәлімдеген.

Владимир Зеленский Францияға одақтастардың Нормандияға қонғанына 80 жыл толуына арналған мерекелік шараларға қатысу үшін барған.

Онда Зеленский АҚШ президенті Джо Байденмен кездесті. Америка президенті Украинаға 225 млн доллар көлемінде әскери көмек бөлетінін мәлімдеді.

Одан бөлек, Байден АҚШ-тың әскери көмекті кешіктіргеніне көптің көзінше алғаш рет кешірім сұрап, Киевті әрі қарай да қолдауға уәде берді.

Зеленский өз кезегінде Ресей президенті Владимир Путиннің украин жетекшісі "заңсыз қызмет атқарып отыр" деген мәлімдемесіне түсініктеме берді.

"Президент Зеленскийдің легитимдігін Украина халқы таныды... Жолдас Путиннің легитимдігін жолдас Путин ғана таниды" деді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG