Accessibility links

Ресейдің шахмат федерациясы Украинаның шағымы негізінде халықаралық қауымдастықтан екі жылға шеттетілді


Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) Ресейдің шахмат федерациясын мүшеліктен шығарып тастады. Бұл жөнінде FIDE басшысы Аркадий Дворкович мәлімдеді. Украина шахмат федерациясының шағымынан кейін этика жөніндегі комиссия осындай шешім қабылдаған.

Ресейдің шахмат федерациясы Украинаның жаулап алынған аймақтары – Донецк, Луганск, сонымен бірге Запорожье мен Херсон облыстарының бір бөлігіндегі аймақтық шахмат клубтарын өзінің құрамына қосып алған. Комиссия өкілдері бұл этикаға қайшы деп таныған. Ресей билігі аталған аймақтарды Ресейдің құрамындағы территория деп жариялаған, алайда аннексияны халықаралық қауымдастық мойындаған жоқ.

Ресей FIDE-ден екі жылға шеттетілді. FIDE президенті Аркадий Дворкович Ресейдің шахмат федерациясының ақылдастар алқасына қатысқаны үшін сөгіс алды. "Матч-ТВ" телеарнасына берген сұхбатында ол шешім күшіне әлі енбегенін, Ресей жағы қыркүйекте FIDE-нің бас ассамблеясында шағым түсіретінін айтты.

2022 жылы наурызда Ресей Украинаға соғыс ашқаннан кейін FIDE Ресей және Беларусь спортшыларын қауымдастықтың жарыстарынан шеттеткен. Ресейлік және белорус шахматшылары жекелеген жарыстарға бейтарап статуста қатыса алады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG