Accessibility links

Израиль Газа секторында тұтқында болған төрт азамат босатылғанын хабарлады


Тұтқыннан босатылған израильдік азамат. 8 маусым 2024 жыл.
Тұтқыннан босатылған израильдік азамат. 8 маусым 2024 жыл.

Израильдің қорғаныс әскері Газа секторының орталық бөлігіндегі операция кезінде тұтқында болған төрт азамат босатылғанын хабарлады. Оларды 2023 жылы 7 қазанда Supernova музыка фестивалі кезінде ХАМАС (АҚШ пен ЕО-да террористік топ деп танылған) тұтқынға алған.

25 жастағы Ноа Арагамани, 21 жастағы Альмог Меир-Ян, 40 жастағы Шломи Зив және 27 жастағы Андрей Козлов босатылған. Соңғы аталған азаматтың Израиль және Ресей азаматтығы болған. Төртеуінің жағдайы "жақсы" деп айтылады, олардың барлығы медициналық тексеруден өту үшін ауруханаға жеткізілген.

Израильдің ақпарат құралдары 25 жастағы Ноа Аргаманидің әкесімен кездескен сәтінен видео жариялады.

Ноа Арагаманиді ұрлап әкеткен сәт видеоға түсіп қалған: ол досы Авинатан Ормен бірге бұталардың арасына тығылып қалған. ХАМАС өкілдері қызды мотоциклмен әкеткен, ал ер адамды ұстап алып, қолын артқа қайырып жүргізген.

Андрей Козлов фестиваль кезінде күзетші болып істеген. Ол Израильге кетпей тұрып Петербургте тұрған. Ол Ресейде мобилизация жарияланғаннан кейін елден кеткен. ХАМАС шабуылынан кейін туыстары оны екі апта бойы іздеген. Жараланғандар мен қаза болғандардың тізімінде аты-жөні болмаған. 26 қазанда Израиль армиясы оны ХАМАС ұстап әкеткенін растады. Одан бері хабар-ошар болмаған.

Шломи Зив те фестивальда күзетші болып істеген. Ол кешке досы мен туысының әйелімен бірге келген - екеуі де өлтірілген.

Ақпаратқа қарағанда, Израиль әскері ХАМАС-тың Нусейраттағы екі нысанына бір мезетте рейд жүргізген. Операция барысында бұл ауданға әуеден екі соққы жасалған. Газа секторының денсаулық сақтау министрлігі 50-ден астам адам қаза болғанын хабарлады.

  • 7 қазанда Израильдің оңтүстігіне шабуыл жасаған кезде ХАМАС содырлары Газа секторына 251 адамды ұстап әкеткен. Арасында Израиль және өзге елдердің азаматтары болды. Қараша айында бір бөлігі палестиналық тұтқындарға алмастырылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG