Accessibility links

Әлия Назарбаева екі бизнесменмен сотта жеңілді


Нұрлан Бимурзин Астанадағы баспасөз мәслихатында отыр. 2024 жылдың сәуірі.
Нұрлан Бимурзин Астанадағы баспасөз мәслихатында отыр. 2024 жылдың сәуірі.

Елдің экс-президентінің кіші қызы Әлия Назарбаева кәсіпкерлер Нұрлан Бимурзин мен Медғат Қалиевтің үстінен "Жала жабу" бабымен түсірген шағымы бойынша сотта жеңілді.

"7 маусымда менің және Медғат Қалиевтің үстінен жала жабу бойынша қозғалған іс тоқтады. Яғни, сот біздің әрекетімізден жала жабу фактісін таппады, себебі біз алдымен заңды жолмен Бас прокуратураға қайырылдық, одан кейін баспасөз мәслихатын өткіздік" деді Бимурзин.

ҚазТАГ агенттігінің жазуынша, бұл – соттың экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қыздарының шағымын қараудан бас тартқан алғашқы жағдай. Сот шешімі әзірге жарияланған жоқ. Соттың ресми парақшалары да Әлия Назарбаеваның шағымы бойынша шешім жайлы ештеңе жарияламады.

28 ақпанды Бимурзин Астанада баспасөз мәслихатын өткізіп, бизнес серіктесі Медғат Қалиев екеуі 2000 жылдың басында Әлия Назарбаеваның тарапынан рейдерлік шабуылға ұшырағанын мәлімдеген. Кәсіпкерлер осы жайт бойынша қылмыстық іс қозғауды сұраған. Сәуірде Әлия Назарбаеваның үстінен рейдерлік бойынша іс қылмыстық іс экономикалық тергеу департаментіне берілгені хабарланды.

Сәуірде қазақстандық кәсіпкерлер, заңгерлер баспасөз мәслихатын өткізген. Бұл жиынға "ТПК "Азия" компаниясының бұрынғы иелерінің бірі Нұрлан Бимурзин де қатысқан. Олар бұрынғы президенттің жақындарының "әрекеттерінен зардап шеккендерін" айтқан еді.

2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы статусынан айырылған еді. Артынша оның туыстары мен жақын адамдары да түрлі қызметтерден кете бастаған. Әлия Назарбаеваның утилалыммен айналысқан компаниясы да қызметін тоқтатты. Бұрынғы президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды "ақша жымқыру" айыбымен алты жылға сотталса, тағы бір немере інісі Самат Әбіш "қызметін асыра пайдаланды" деген айыппен 8 жылға шартты жазаға кесілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG