Accessibility links

Берлин Киевке тағы әскери көмек берді. Арасында Leopard танкілері мен HIMARS бар


Германия Украинаға берген Leopard танкілері.
Германия Украинаға берген Leopard танкілері.

Германия Украинаға кезекті рет әскери көмек берді, оның ішінде он leopard 1А1 танкі және оларға оқ-дәрілер, сондай-ақ бұрын Берлинге Киевке беруге уәде еткен үш HIMARS реактивті қару жүйесі бар. Бұл жөнінде Германия қорғаныс министрлігі хабарлады.

Украинаға берілген жаңа әскери көмек арасында мыналар бар:

  • орта қашықтықтағы нысананы жоятын IRIS-T SLM зениттік ракета жүйесі;
  • таяу қашықтықтағы нысананы жоятын IRIS-T SLS жүйесі;
  • екі Dachs беренді инженерлік мәшине;
  • жөндеу-эвакуация жұмыстарына арналған Bergepanzer 2 беренді мәшинелері;
  • минадан тазалағыш төрт Wisent 1 мәшинесі;
  • көлік отынын таситын 16 Mercedes-Benz Zetros көлігі;

бұған қоса оқ-дәрілер, қайықтар, атыс қарулары мен 4 млн дана оқ.

Мамырдың аяғында Германия үкіметінің өкілі Штеффен Хебештрайт Берлин Украинаға берген қаруды Ресей жеріндегі нысанаға шабуылға пайдалануға рұқсат етті деп мәлімдеген.

Бұның алдында, биыл наурыз айының аяғында Берлин Киевке әскери көмек ретінде барлау дрондарын, граната ататын қарулар, артиллериялық және Леопард танктеріне арналған снарядтар берген еді.

2024 жылдың ақпанында Украина мен Германия қауіпсіздік саласында және Киевке ұзақ мерзімді қолдау көрсету жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған. Украина президенті Владимир Зеленский ол келісімді "бұрын-соңды болмаған" деп атап, бұл Германияның Украинаға биыл бергелі отырған жеті миллиард еуродан асатын көмегін нығайта түседі деп мәлімдеген.

Германия канцлері Олаф Шольц қол қойылған құжатты "тарихи қадам" деп атаған. Ол Берлин Киевке 1,1 миллиард еуроның жаңа әскери көмек пакетін дайындады, соның ішінде IRIS-Т әуе қорғанысы жүйесінің ракеталары, екі Skynex әуе қорғанысы жүйесі және артиллериялық 120 мың дана оқ-дәрі бар деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG