Accessibility links

Олимпиада басталуға екі ай қалғанда Сена өзенінен ішек бактериясы табылған


Париждегі Сена өзені жағалауында отырған адамдар. 15 ақпан, 2024 жыл.
Париждегі Сена өзені жағалауында отырған адамдар. 15 ақпан, 2024 жыл.

Франция астанасында жазғы олимпиада ойындары басталуға екі ай қалғанда Парижді кесіп өтетін Сена өзенінде қауіпті шамада ішек инфекциясы бактериясы (E. coli) мен энтерококктар бары анықталды. Өзен суының сапасын бақылаушы топтың дерегіне сүйенген Associated Press агенттігі осылай деп хабарлады.

Париж Олимпиадасы бағдарламасында Сена өзенінде жүзу жарысы өтеді деп жоспарланған.

Диареяны және тіпті менингитті өршітуі мүмкін қауіпті бактериялар өзен суы сынамасынан маусым айының алғашқы аптасында табылған. Оның алдында Парижде ұзақ уақыт жауын-шашын болған еді. Жаңбыр суы кәріз жүйесіне құйылады, қала көшесін су алып кетпеуі үшін артық суды кәрізден Сенаға ағызып жібереді деп жазады Associated Press. Былтыр тамызда Сенадағы жүзу жарысы сондай себепке байланысты өтпей қалған.

Суы лас болғандықтан Сенаға шомылуға осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын тыйым салынған. Бұл проблеманы шешу үшін биыл мамыр айында қатты жаңбыр кезінде пайдаланылатын, 50 мың текше метр су сиятын жерасты су қоймасы ашылған.

Халықаралық олимпиада комитеті Париждегі биылғы жазғы ойындарда жүзуден жарыс Эйфель мұнарасы маңындағы Сена өзенінде өтеді деген үмітін үзбей отыр. Париж мэрі Анн Идальго олимпиада басталар алдында Сенаға шомылатыны айтқан уәдесін жақында тағы да қайталады.

  • Париждегі жазғы олимпиада ойындары биыл 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтпек. Оның бағдарламасында Сена өзенінде жүзуден алғашқы жарыс 30 шілдеде өтеді деп белгіленген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG