Accessibility links

Жапаров қарындасының қылығы үшін жұрттан кешірім сұрады


Қырғызстан президенті Садыр Жапаров.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров мемлекеттік "Кабар" ақпарат агенттігіне берген сұхбатында қарындасы Ләззат Нұрқожаеваға болашақ күйеу жігіті үйленейік деп ұсыныс жасаған кезі түсірілген видеоға байланысты пікір білдірді.

Қыз бен жігіт жалға алған ТЖМ тікұшағымен ұшып барған, Бішкек маңындағы тауда өткен іс-шараның ауқымы көрінетін видео желі қолданушылары мен ақпарат құралдарының назарын аударған-ды.

Жапаровтың сөзінше, мемлекет басшысының жақын туыстары ысырапшыл емес, басқа қырынан үлгі болуға тиіс. Ол жар таңдаған жігіт мұны алдын ала ойлануы керек еді деп санайды.

"Егер ол президентке туыс болайын деп жатса, өзін және президентті сынға қалдырмауды ойлауы керек еді. Бұл тек жастық албырттықпен болды деп ойлаймын. Үйлену жөніндегі ұсынысты қарапайым етіп жасауға да болар еді, олар бірін бірі жақсы көрсе, [ұсыныстан] бас тарта да қоймас", – деді Жапаров.

Қырғызстан президенті туыстарына желіде жеке өмірін жариялауға байланысты қатаң талап қоятынын, олардың мемлекеттік істерге араласуына жол берілмейтіні туралы айтты. Жапаров қарындасының қылығы үшін халықтан кешірім сұрады.

"[Ләззат] сынға құлақ асып, қорытынды шығарады деп сенемін. Ол отбасын құрғалы жатыр, жүріс-тұрысын енді алдын ала ойланатын болады", – деді ол.

Жапаров төтенше жағдайлар министрлігі тікұшақ негізгі мемлекеттік жұмысынан бос болса, коммерциялық мақсатта пайдалануға оны кез келген адамға беретінін айтты. Президенттің пікірінше, түскен қаржыға жаңасын сатып алу үшін тікұшақтар табыс әкелгені сөкет емес.

Президент Садыр Жапаров ысырапшыл азаматтар мен шенеуніктерге бұған дейін бірнеше рет сын айтқан. 2022 жылдың аяғында ол ұлан-асыр той өткізетін және оған 500-ден мыңға дейін адам шақыратын шенеуніктерді сынға алған. Сол кезде ол ысырапшылдық мәселесі бойынша жұмыс жүргізуді және оны ерекше бақылауға алуды тапсырған.

2022 жылдың басында Қырғызстан президенті қайтыс болған адамның жаназасына мал союға тыйым салатын жарлыққа қол қойған.

Жапаров мұны Қырғызстанда жаназа өткеру "мерекеге айналып бара жатыр" деп түсіндірген. 2024 жылы наурызда ол Қырғызстанның жаңа мүфтиі Абдулазиз Закировпен кездесуде ысырапшыл көріністерді барынша азайту бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG