Accessibility links

Ақтөбеде сегіз адам қаза болған жол апаты: Жүргізуші ұсталды


Ақтөбе облысы Самара – Шымкент тасжолында болған жол апаты. 7 тамыз, 2024 жыл.
Ақтөбе облысы Самара – Шымкент тасжолында болған жол апаты. 7 тамыз, 2024 жыл.

Ақтөбе облысында сегіз адам қаза болған жол апатынан соң MAN маркалы жүк көлігінің жүргізушісі ұсталды. Күдікті 1987 жылы туған, Беларусь азаматы.

Жүргізуші "екі немесе одан да көп адамның өліміне соқтырған көлік жүргізу қағидаларын бұзды" деген күдікке ілінген. Алдын-ала тексеріс MAN маркалы жүк көлігінің қарсы бағытқа шығып кеткенін көрсеткен. Полиция бірнеше сараптама тағайындап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастағанын хабарлады.

Самара-Шымкент тас жолының 862-ші шақырымында MAN маркалы жүк көлігімен соқтығысқан Toyota Ipsum автокөлігінде жалпы сегіз адам болған. Барлығы оқиға орнында қаза болды. Toyota Ipsum салонындағы сегіз адамның бесеуі бала.

- Жол апатынан қаза болған сегіз адамның бәрі Әйтеке би ауданындағы Қарашатау ауылының тұрғындары. Таксистен өзгелері Ақтөбеге жетіп алып, одан әрі пойызбен Маңғыстау облысында футболдан өтетін жарысқа бармақ болған. Футболшы балаларды дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жандос Әбілқаев бастап бара жатқан. Апатқа ұшыраған көлікте Жандос екі ұлымен бірге болған, - дейді Әйтеке би ауданы Құмқұдық ауылдық округінің әкімі Тілес Сәрсенғалиев.

Ауыл әкімі футболшы балалардың жарысқа баратынынан бейхабар екенін айтады. Жарысқа қатысатын 12 бала жолға екі таксимен шыққан. Екінші көліктегілер аман. Жол апатынан кейін сәрсенбі күні өткен брифингіде Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан «Бұл-ресми жарыс емес, жоспарға енбеген, жеке қайырымдылық қоры ұйымдастырған шара» деген болатын.

Ақтөбе облысының спорт басқармасы таратқан ақпаратқа сәйкес, ауыл балалары арасындағы футбол турнирі 10-11 тамызда Маңғыстау облысы Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр ауылында өтеді деп жоспарланған. Жарысты «Халық» қайырымдылық қоры ұйымдастырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG