Accessibility links

Ақтөбе облысында бір күнде жол апатынан 10 адам қаза болды


7 тамызда Ақтөбе қаласына жақын маңда DAF маркалы жүк көлігі Toyota Ipsum көлігіне соқтығысып, екі адам қаза болды, оның бірі – Toyota Ipsum көлігінің жүргізушісі. Бұл жөнінде жергілікті полиция хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, апатқа ұшыраған көлікте жүргізушінің 43 жастағы әйелі мен екі баласы да болған. Ауыр ми жарақатын алған, сүйектері сынған әйел қазір Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасының жансақтау бөлімінде. Үлкені - 17, кішісі 12 жастағы балалары да түрлі жарақат алған. Олар облыстық балалар ауруханасында.

- 7 тамыз күні көпсалалы облыстық балалар ауруханасына Самара-Шымкент тас жолындағы көлік апатынан зардап шеккен 17 жастағы ер бала мен оның 12 жастағы қарындасы жеткізілді. Қыз бала бас-ми жарақатын алған, қабырғасы, бұғанасы сынған. Бет сүйегі мен жамбасына да зақым келген. Жағдайы ауыр. Ер бала бас-ми жарақатын алған. Миы шайқалып, бет сүйегі сынған. Екеуі де есін біледі. Қыз баланы отаға дайындап жатырмыз, - деді нейрохирург Ахмет Орын.

Дәл осы күні Самара-Шымкент тас жолының 862-шақырымында MAN маркалы жүк көлігі Toyota Ipsum көлігімен соқтығысып, 8 адам қаза болған. Оның бесеуі – бала. Осылайша Ақтөбе облысында бір күнде 10 адам жол апатынан қайтыс болды.

Ресми мәлімет бойынша, Ақтөбе облысында биыл алғашқы жеті айда 392 жол апаты тіркеліп, 80 адам қаза болған, 535 адам жарақаттанған.

Биыл 6 наурызда таңертең Ақтөбе облысында Ақтөбе-Астрахань бағыты бойынша тас жолда көлік апаты болып, сегіз адам қаза болған. Сегіз адамның төртеуі – бала.

Былтыр желтоқсанда Ақтөбе облысында республикалық олимпиадаға бара жатқан екі оқушы мен мұғалімі жол апатына ұшыраған.

XS
SM
MD
LG