Ресейлік және украин ақпарат көздерінің хабарлауынша, Украина күштері Ресейдің Курск облысы Глушково ауылындағы көпірді жойған, оған көрші Званное ауылындағы көпірді атқылаған. Екі көпір де Сейм өзенінің үстінен соғылған.
Басылымдардың жазуынша, Украина күштері Сейм өзенінің бойындағы жерлерді басып алмақ. Украин күштері бекініп жатқан плацдарм Глушково ауылынан шығысқа қарай орналасқан. Ал Сейм өзені бұл жерде Глушково және Званное ауылдарынан өтіп батысқа қарай Ресей-Украина шекарасына дейін ағады.
Облыс губернаторының міндетін атқарушы Алексей Смирновтың жазуынша, көпір қираған. Ал ресейлік ТАСС агенттігі өзінің дереккөзіне сілтеп, көпір құлаған соң, Глушково ауданының тұрғындары эвакуациядан үзіліп қалған.
Украина күштерінің шабуылдағанына қарағанда, бұл көпірлерді Ресей әскері логистика үшін пайдаланғанға ұқсайды.
Украина әуе күштерінің басшысы Николай Олещук көпірге соққы жасалғаны бейнеленген видео жариялады. Видео қай жерде, қай уақытта түсірілгені нақтыланбаған. "Әуе күштерінің авиациясы Курск бағытындағы әскери қимылдарға қатысып жатыр" деп жазылған видеоның сипаттамасында.
Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова осы жөнінде мәлімдеме жасап, Украина әскери күштері Батыс қаруымен алғаш рет Курск облысындағы азаматтық объектілерге соққы жасады деді. Дипломаттың сөзінше, украин әскері HIMARS зымырандарымен атқылаған болуы мүмкін.
Ресей СІМ өкілінің айтуынша, шабуыл кезінде бейбіт тұрғындарға көшуге көмектесіп жүрген екі ерікті қаза тапқан. Дипломат "Ұлттық майдан" ұйымының екі қызметкерін меңзеген болуы мүмкін. Ұйымның өзі алдын Украин күштерінің атқылауы кезінде екі қызметкері опат болғанын хабарлаған. Соғыс жағдайында тараптардың мәлімдемесін тәуелсіз жолмен растау мүмкін емес.
- Украина күштері 6 тамыздан бастап Курск облысына шабуылдап жатыр. Киев облыстағы ондаған елдімекенді бақылауға алғанын мәлімдеп отыр.
- Ресей Курск облысында федералды деңгейде төтенше жағдай жариялады. 15 тамызда жергілікті билік Глушков ауданы тұрғындарын түгел эвакуациялайтынын жазған.
ПІКІРЛЕР