Орталық Азия мен Еуропа одағы елдері өзара стратегиялық әріптестік орнатпақ. Бұл жөнінде Самарқанда өтіп жатқан "Орталық Азия – Еуропа одағы" саммитінен соң тараған бірлескен баспасөз хабарламасында айтылған.
"Соңғы жылдары жоғары деңгейде екіжақты байланыстар артқандықтан әрі көпжақты, аймақтық күн тәртібі жылдам өзгеріп жатқандықтан Еуропа одағы мен Орталық Азия елдерінің басшылары екі өңір арасындағы қарым-қатынасты стратегиялық әріптестік орнату жолымен жоғары деңгейге көтеруге уағдаласты" делінген хабарламада.
Саммит соңынан стратегиялық әріптестік орнату бойынша соңғы шешім қабылданбақ. Өзбекстан президенті Шавқат Мирзияев мұны "тарихи шешім" деп атады.
"Арамыздағы стратегиялық әріптестік нақты шешімдермен, жоба, бағдарламалармен толығуы керектігіне сенімдімін" деді Мирзияев.
Еуропа одағы мен Орталық Азия сауданы арттырып, "адамдар арасындағы байланысты кеңейтеді" деді Еуропа кеңесінің президенті Антониу Кошта. Ол Еуроодақ аймақтың "тұрақты дамуына инвестиция салып", оның "сенімді серіктесі болып қала береді" деді.
Бұл саммитте Еуропа одағы құны 12 миллиард еуро болатын "Ғалам қақпасы" инвестициялық пакетін ұсынды. Ол екі аймақ арасындағы транспорт байланысын арттырып, маңызды шикізат өндірісі, цифрлық байланыс, су және энергия саласындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған.
"Бұл инвестиция екі жаққа да пайда келтіреді, себебі біздің серіктеріміз өсіп, гүлденсе, Еуропа да гүлденеді" деді Еуропа комиссиясының президенті Урсула фон дер Ляйен.
Орталық Азия – Еуропа одағы саммиті Өзбекстанның Самарқан қаласында 3-4 сәуірде өтті. Оған Еуропа кеңесінің президенті Антониу Кошта, Еуропа комиссиясының президенті Урсула фон дер Ляйен және Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан президенттері қатысты.
Еуропа одағы - 27 елдің басын қосатын саяси-экономикалық одақ. Ол АҚШ пен Қытайдан кейінгі ірі экономика саналады.