Accessibility links

Жыланбаевтың жақтастары түрме алдында наразылық білдірді. Оларға прокурор келді


Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының жақтастары белсенді Марат Жыланбаев отырған түрме алдында наразылық білдіріп, оны босатуды талап етті. Степногорск, Ақмола облысы, 7 сәуір 2025 жыл.
Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының жақтастары белсенді Марат Жыланбаев отырған түрме алдында наразылық білдіріп, оны босатуды талап етті. Степногорск, Ақмола облысы, 7 сәуір 2025 жыл.

Бүгін, 7 сәуірде тіркелмеген "Алға, Қазақстан" қозғалысының түрлі өңірден жиналған белсенділері Ақмола облысындағы Степногорск түрмесінің алдында наразылық акциясын өткізді. Бұл мекемеде экстремистік баппен жеті жылға сотталған оппозициялық белсенді, марафоншы Марат Жыланбаев жазасын өтеп жатыр.

"Алға, Қазақстан" қозғалысының қамаудағы жетекшісі Марат Жыланбаевты қолдауға Алматы, Қызылорда, Семей, Астана, Петропавлдан белсенділер жиналған. Олар Жыланбаевқа бостандық талап етіп, түрме алдында видеоүндеулер жазған.

— Бұл мекемеде Марат Жыланбаев қысым көріп жатыр. Ол ауызын тігіп тастады дегенді естіп, халін өз көзімізбен көруге келдік. Бізге оның аман екенін көрсеткенін қалаймыз. Оған қысымды тоқтатып, түрмеден босатуын талап етеміз, — дейді қозғалыс мүшесі, белсенді Амангелді Жахин.

— Марат Жыланбаев, міне, мына жерде түрмеде отырса, — дейді белсенді Бибігүл Иманғалиева мекеме ғимаратын нұсқап, — біз де Қазақстанда бостандықта емеспіз. Біз Қазақстан деген үлкен түрмедеміз. Себебі елде сөз бостандығы жоқ, партия құра алмаймыз, емін-еркін жүре алмаймыз, ештеңе ұйымдастыра алмаймыз. Бұл бостандық па? Демократия ма? Құқығымыз тапталған.

Жиналған белсенділер алдына біраз уақыттан соң Степногорск қалалық мәслихатының өкілдері мен қала прокуроры келген. Абақты алдына жиналған белсенділер әрекетін олар "заңсыз митинг" деп атап, дереу тарауды талап етті.

Адвокат Мейіржан Досқараевтың сөзінше, Марат Жыланбаев 25 наурыздан бері аштық жариялап отыр. Бұл — белсендінің түрмедегі екі жылдан бері жетінші аштық акциясы. Жыланбаевтың бұл жолы мерзімсіз наразылық акциясын бастауына, адвокатының сөзінше, Степногорск қаласындағы №4 мекемесінің әкімшілігінің белсендіге жүгіруіне, сурет салуына, токарь ретінде жұмыс істеуіне тыйым салғаны түрткі болған.

Ал өткен аптада Жыланбаевтың әйелі белсенді наразылық ретінде аузын тігіп тастағанын хабарлаған. Белсенді түрме әкімшілігі өзіне берген уәдесін орындамағанын айтқан. Ал 4 сәуірде Ақмола облыстық қылмыстық-атқару жүйесі депаратменті Жыланбаев аузын тігіп тастады деген хабар шындыққа жанаспайды деп, оның мекеме әкімшілігіне ешқандай шағым түсірмегенін хабарлаған.

Бүгін, 7 сәуірде Марат Жыланбаевпен кездесуге кірген адвокаты Мейіржан Досқараев оның өткен аптада бірнеше сағатқа аузыны темір ілгекпен тіккенін растады. Оның сөзінше, прокурор сөйлесуге келген соң ілгекті алып тастаған. Жыланбаев адвокатына түрме қызметкеріне өзіне тиісті заттарын бермегенін, жазған арыздарын тартып алғанын айтқан. Азаттық түрме басшылығына қоңырау шалғанымен ешкім тұтқаны көтермеді.

61 жастағы Марат Жыланбаевты 2023 жылы қарашада Астана соты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша 7 жыл түрмеге кескен.

Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді. Сот үкімінде Жыланбаевтың Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына белсенді араласып, бірнеше рет Мұхтар Әблязов ұйымдастырған заңсыз митингілерге қатысқаны айтылады.

Жыланбаев айыптың бәрін жоққа шығарып, істің "саяси астары бар" деп мәлімдеген. Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін белсендіні босатуға үндеп келеді.


XS
SM
MD
LG