Accessibility links

Bloomberg: АҚШ бейбітшілікке қол жеткізу үшін Қырымды Ресей жері деп мойындау мәселесін қарастырып жатыр


Украина бойынша Париждегі келіссөз. 17 сәуір 2025 жыл.
Украина бойынша Париждегі келіссөз. 17 сәуір 2025 жыл.

АҚШ бейбітшілікке қол жеткізу үшін Қырымды Ресей жері деп мойындау мәселесін қарастырып жатыр. Бірақ түпкілікті шешім қабылданбады деп жазды дереккөздерге сүйенген Bloomberg.

Басылым АҚШ әкімшілігінің риторикасына назар аударады: жұма күні АҚШ президенті Дональд Трамп та, мемлекеттік хатшы Марко Рубио да келіссөз жедел жүрмесе, бейбітшілік келіссөзіне араласудан бас тартуы мүмкін екенін мәлімдеген.

Bloomberg Қырым аннексиясын тану халықаралық құқық пен өзгенің жерін күшпен тартып алуға тыйым салатын халықаралық келісімдерге қайшы екенін атап өтеді.

The Bell-дің жазуынша, Ресей басып алған жерлерді мойындау мәселесі бұған дейін түрлі келіссөздерде талқыланған.

"Мәселе Қырымның Ресейге қосылуын ресми мойындау жөнінде болып отыр ма, әлде, Украина оны әскери жолмен қайтаруға тырыспайды деген мәселе жөнінде болып отыр ма? Мұндай тармақ, атап айтқанда, 2022 жылы көктемде Стамбұлда қабылданбаған келісім жобасында қамтылған еді. Онда Украинаның "15 жыл бойы Қырымды қайтару үшін қарулы күштерді пайдаланбау" туралы ұсыныс жазылған" деп жазды басылым.

АҚШ бейбітшілік келіссөзінен шығу ықтималдығы айтыла бастаған шақта 19 сәуірде Ресей президенті Владимир Путин 30-сағатқа атысты тоқтататынын мәлімдеген. Ресей Украина жағы мұны қабылдайды деп үміттенеміз деп айтқан. Ал Украина президенті Владимир Зеленский 30-сағатқа атысты тоқтатуға келіскенмен Ресей әскері қазірдің өзінде шарттарды бұзды деп мәлімдеді.

"Алдыңғы шептің түрлі бағытында [Ресей әскері] 59 рет атқылап, ресейлік бөлімдер бес рет штурм жасауға тырысты" деді 19 сәуір сағат 6-дағы жағдай бойынша Украинаның бас қолбасшысы Александр Сырскийдің есебіне сүйенген Зеленский. Ол Донецк, Луганск, Запорожье облыстарында шайқастар болғанын, Ресейжің Курск облысында да артиллериялық соққылар мен дрондар қолданылғанын айтты. Ол атысты 30 күнге тоқтату туралы ұсыныс 20 сәуірден кейін де күшінде қалатынын жеткізді.

Ресей жағы әзірге атысты тоқтату режимі бұзылғанын мәлімдеген жоқ.

Еуропа комиссиясының сыртқы істер және қауіпсіздігі жөніндегі ресми өкілі Анита Хиппер "Ресейді басқыншы ретінде білеміз, сондықтан басқыншылықтың шын тоқтағанына және атысты тұрақты түрде тоқтату бойынша нақты әрекеттер болғандығына көзіміз жетуі керек" деді.

XS
SM
MD
LG