Өзбекстан парламентінің депутаты Одилжон Тожиев Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың тіл туралы ескертпесіне жауап берді.
Сәуірдің 22-23-і күндері Өзбекстанда ресми сапармен болған Лавров Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарына арналған ескерткіштердің біріне "орысша жазу қажеттігін" мәлімдеген еді. Оның бұл сөзі қызу талқыланды.
"Шет тілін жасанды түрде таңу сүйіспеншілік емес, қарама-қайшы көзқарас тудырады. Оның үстіне күштеп құрметтете алмайсың, ол өзінен-өзі келеді. Егер Мәскеудің бас алаңында өзбек тілінде жазу пайда болса, бәлкім, сол кезде ойланып көрерміз" деді өзбек депутаты Одилжон Тожиев.
Самарқанда "Азалы ана" мемориалында "Сен әрқашан менің жүрегімдесің" деген сөз өзбек және ағылшын тілдерінде (You are always in our heart, my dear) жазылған.
Өзбекстанда ресми сапармен болған Лавров сол мемориалда неге орысша жазу жоқ екенін сұраған. Оның сөзінен Азаттықтың Өзбек қызметі мысал келтіреді.
"Ағылшындар мұнда қалай келген? Қараймын, ағылшынша жазу", – деді Лавров экскурсия жетекшісіне қайырылып.
"Мұнда барлық тілде жазылған. Туризм қаласы" деді экскурсия жетекшісі.
"Орысшасын көріп тұрған жоқпын" деді Лавров.
Лавровтың жанында тұрған Өзбекстан сыртқы істер министрі Бахтиер Саидов әңгімеге араласқан жоқ.
Өзбекстан сыртқы істер министрлігі Лавровтың "Азалы ана" монументіндегі "наразылығына" қатысты түсініктеме берген жоқ деп жазды басылым.
Өзбекстанда тіл мәселесі ара-тұра көтеріліп тұрады. Өзбекстан Конституциясы өзбек тілін мемлекеттік тіл деп таниды, бірақ орыс тіліне ешқандай мәртебе бермейді. Бірақ Өзбекстан Конституциясы орыс тілінің дамуы мен еркін қолданылуына кепілдік береді.
Бұған дейін өзбек тілін қорғаған ректор Кремльдің "қаһарына ілінген". Шерзодхон Қудратқожа ақпарат құралына берген сұхбатында мемлекеттік тілді білмейтін өзбектер туралы айтқан кезде Карл Маркстың сөзінен үзінді келтіріп, өзі тұратын елдің тілін білмеген адам не оккупант немесе ақымақ деп айтқан еді.
Өзбекстан парламенті төрағасының орынбасары, «Миллий тикланиш» партиясының жетекшісі Әлішер Қадыров орыс тілін білім беруде, теледидарда және басқа да салаларда қолдану мәселесін қайта қарауды ұсынған. Мұндай мәлімдемелерді ресейлік БАҚ сынаған.
Самарқандағы келіссөз нәтижесінде Өзбекстан және Ресей сыртқы істер министрлері бірқатар мәлімдеме жасаған. Ресейлік ақпарат агенттіктерінің жазуынша, өз мәлімдемесінде Лавров Мәскеу "Мәскеу Еуроодақтың Орталық Азияда үстем жағдайға жету талпыныстарына қарсы екенін" жеткізген.
Ресеймен өзін алшақ ұстауға тырысқан Ислам Каримовқа қарағанда Шавкат Мирзиев билікке келгеннен кейін Мәскеуге жақындау бойынша бірқатар қадам жасаған. Ол Ташкентте "Жеңіс саябағын" ашып, советтік символикаларды қайтарған.