Accessibility links

Непалда әлеужеліні бұғаттауға қарсы наразылыққа қатысқан 19 адам қаза тапты


Непалдағы наразылық
Непалдағы наразылық

Непалда әлеуметтік желілерді бұғаттауға қарсы наразылықты күшпен тарату кезінде кемі 19 адам мерт болып, 100-ден астам адам жапа шекті. Бұл туралы жергілікті және халықаралық БАҚ хабарлады. Рейтер агенттігінің жазуынша, наразылыққа ел аумағында 26 әлеуметтік желі мен платформаның бұғатталғаны түрткі болған. Бұғатталған платформалар арасында YouTube, Facebook, WhatsApp, Instagram және X желісі бар.

Тыйым 4 қыркүйек күні күшіне енген. Жергіліктің биліктің бұл қадамына аталған платформалардың елдегі Байланыс және ақпарат технологиялары министрлігінен уақтылы тіркеуден өтпегені себеп болған.

Негізінен жастар қатысқан наразылықта жемқорлықпен күрес мәселесі де қозғалған. Bloomberg басылымының хабарлауынша, Катмандуда шерушілер парламент ғимаратына басып кірмек болған, полиция оларды тарату үшін қару қолданған. Жергілікті шенеуніктің сөзінше, наразылардың кейбірі ғимарат алдындағы кедергілерден өтіп, парламенттің ішіне кіріп кеткен, жедел жәрдем көлігін өртеген, ғимаратты күзеткен полицейлерге түрлі зат лақтырған.

Непалдың байланыс министрі Притхви Суббаның мәлімдеуінше, полиция наразыларға су шашып, дубинка жұмсаған, резеңке оқ атқан. Полиция кемі 19 адам қаза тапқанын, 100-ден астам жарақат алғанын айтты. Басқа ақпарат көздері жапа шеккендер 400-ден асатынын хабарлап отыр.

Ел билігі бірнеше қалада комендант сағатын енгізген: кез келген жиынға, митингіге, наразылыққа, кездесуге және ереуілге тыйым салынған.

Непал ішкі істер министрі Рамеш Лехак наразылық тұсында отставкаға өтініш берді. Бұл туралы үкіметтегі дереккөзіне сілтеп The Katmandy Post басылымы хабарлады. БҰҰ Непал билігін кісі қазасын дереу тергеуге шақырды.

XS
SM
MD
LG